Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда тасқын салдарын жоюға 7 миллиард теңге қажет

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2017
  • 2618

Солтүстік Қазақстанда тасқын салдарын жоюға 7 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Аймақ атқамінерлері премьер-министрмен кездесу барысында осылай деді. Билік өкілдерінің сөзінше, бұл қаражатқа Петропавл қаласы маңындағы дамбаны ұзартып, су торабын жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. 

Сондай-ақ, бұзылған жолдар жөнделеді деп жоспарланған. Өңірге жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев алдымен аймақ кәсіпкерлерімен кездесті. Сондай ақ тасқыннан жапа шеккен Заречный кенті мен Былғары зауыты ауданының жұртшылығымен жүздесті. Бір жарым айға созылған табиғи апаттың кесірінен облыс бойынша 380 үйді су басты. Барлығы 15 елді мекен зардап шекті. Бүгінде жергілікті шенеуніктер қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Алайда үкімет басшысының айтуынша, төтенше жағдай салдарын жоюмен қатар, тасқынның алдын-алу шараларын да қарастырған жөн.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Тасқын салдарын жою мақсатында 47 шараны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның 22-сін бүгінде бастап кеттік. Ол үшін жергілікті бюджеттен 270 миллион теңге бөлінді. Жалпы, шамамен 7 миллиард теңгедей қажет. Нәтижесінде 57 елді мекенде тұрып жатқан 95 мыңнан астам адамды тасқыннан сақтап қалу мүмкіндігі туады. Біз бұл қаражатты екі жылға бөліп беруді сұраймыз.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жыл сайын тасқыннан қорқып отырғанша, біржолата бұл мәселені шешкен абзал. Аймақ басшыларының барлығы тасқынға шыдас бермейтін осал жерлерді біледі. Елбасы бізге бұл мәселенің тамырына балта шабуды тапсырды. Біз үлкен жоспар құрдық. Елімізде қосымша су қоймаларын салу керек. Қазір осының барлығына қанша қаражат қажет екенін есептеп жатырмыз.