Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда жол жөндеу жұмыстары жанданып келеді

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2017
  • 2425

Қарағандыда жол жөндеу қарқыны үш есе ұлғайған. Жағдай тұрғындардың наразылығынан соң түзелген сыңайлы. Жоспардағы 27 көшенің орнына күзге дейін 127 көше жөнделетін болды. Ол үшін облыс бюджетінен қосымша қаражат бөлінген.

Айжан Қуаш, тілші:

Тұрғындар Қарағандыдағы ең жаман жол деп Гоголь көшесін атаған болатын. Тіпті кей жүргізушілер ойық-шұрықтарға өздері құм әкеліп төкті. Осындай наразылық шараларынан кейін қалада жыл сайын жөнделетін жолдың көлемі биыл үш есе артқан. Жолшылар, күзге дейін 153 шақырым жерді жөндейміз, деп отыр.

Күтпеген өзгеріске септігін тигізген мына ролик әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Онда жүргізуші жолдардың тесігін жамау үшін қаппен құм тасып жүр. Негізі мұндай акциялар Теміртау қаласында да өткен.

Екатерина Ходюкова, жүргізуші:

Көлігіміз тозып бітті. Ай сайын қосалқы бөлшек сатып алудан шаршадық. Жылда қопарып жатады. Бір жылдан кейін тесіліп қалады. Қазір де жөндеп жатыр.Нәтижесін көрерміз.

Дәурен Бердалин, жүргізуші:

Шет жақтағы жолдарда ойлы шұңқыр көп. Капитально жұмыс жүргізу керек. Капитально болғанда, сапалы жұмыс керек. Сапалы болса, көпке шыдайды.

Қала басшылығы биылға дейін төселген жолдардың сапасыз болып шыққанын жасырмайды. Облыстың жаңа әкімі Ерлан Қошанов мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауды тапсырған. Қала мен облыс бюджетінен бөлінген бақандай 8 млрд теңгеге жуық қаржының тиісті мақсатта жұмсалуын депутаттар қадағалайды.

Сәбит Оспанов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

Жолдарға құм сеуіп жүрген тұрғындарға, алаңдамаңыздар, дегім келеді. Шұрық-тесіктерді жамап жөндейміз. Асфальттың физикалық-математикалық қасиеті, құрамы зертханада тексеріледі. Депутаттар әр апта сайын жолшылардың жұмысын қадағалап отырады.

Қазір 20 жол аумағы жөнделген. 49 учаске асфальт төсеуге дайын. Жол құрылысына жауаптылар жоспардағы 127 көше қазанның біріне дейін жөнделіп бітеді деп сендірді.

Айжан ҚУАШ