Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық сиқыршы Гиннестің рекордтар кітабына екі рет енген

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2017
  • 11094

Қазақстандық сиқыршы Гиннестің рекордтар кітабына екінші рет енді. 26 жастағы алматылық  Жеңіс Айтжанов осыдан екі жыл бұрын қол саусақтарымен бір тиынды тоқтаусыз 55 секунд ішінде 55 рет айналдырып, әлемді таңқалдырған. Жуырда төрт тиынды қол саусақтарының арасында 14 рет  60 секунд ішінде шыр айналдырды. Бұндай әдісті әлемнің мықты деген иллюзионистері қайталай алмай отыр. Жеңіс енді үшінші рекордына дайындалып жүр. Ол кезде тиынды қос қолымен айналдырмақ ниетте.

Төрт тиынды азғантай секундттың  ішінде саусақтарында айналдыру үшін қол ептілігі мен ойлау жүйесінің  жылдам жұмыс істеуі маңызды. Сиқыршы Жеңіс Айтжанов осы тәсілді жетік меңгерген. Ептілігімен қоса әр адамның психикасын өзгелерден артық әрі жылдам түсіне білуі оған екі мәрте әлемдік рекорд орнатуға көмектесті.  Сөзінше, адамның көзін арбау әдемі сөйлеу арқылы жүзеге асатын көрінеді. Тиын айналдырудан бөлек, ұялы телефонның жасырын кодын оп-оңай табатын да қыры бар.

Жеңіс Айтжанов, сиқыршы, иллюзионист:

Бірінші рекорд, тиын айналдыруды 55 рет жасадым 1 минутта. Екінші, көбелек дейміз, 4 тиынды ашып-жауып, оны 14 рет жасадым 1 минутта. Бұл енді спорт сияқты ғой, рекорд жасау, жылдамдыққа немесе кім көбірек жасайды деген. Бұл маған сол өз өнерімде қосымша эффект береді. Яғни сиқыр көрсеткен кезде немесе аңыз айтып көрсетемін ғой, немесе бір оқиғаны айтып беремін. Сол тиынды айналдырған кезде мини қойылым болады ғой. Көз байлау деген ол көбінесе сөзбен, сосын осы іс-әрекеттермен, сосын гипноздың бір әсерлерімен.

Бала күнінен ғажайыпқа сенген Жеңіс Айтжанов 6 жасынан тылсым, жұмбаққа толы өнерге еніп кетті. Атақты сиқыршылардың шоуларын көріп, фокустарын үйренуге күш салады. Күн сайын көрген сиқырын қайталап, қол ептілігін арттырды. Тиыны қолынан қайта-қайта түсіп, түк шықпаған сәтте осы бір өнерді қалай да болса үйренемін деген мақсат қояды. Негізгі мамандығы - экономист. Бірақ оның жанына қаржыгерліктен гөрі  иллюзия өнері жақын. Қазір АҚШ-та Джимми Браун есімді ұстазы бар. Айтуынша, рекорд орнату да оңай шаруа емес. Сиқырыңды мықтыларға дәлелдеу қиынның-қиыны. 

Жеңіс Айтжанов, сиқыршы, иллюзионист:

Ол жерде бюрократия екен. Яғни Англияға жаздым. Өзінің сайты бар, кез-келген адам рекорд іздеп соған қатыса алады. Бірақ ол жерде өзінің шарттары бар. Ереже бойынша куәгерлер болу керек. Осылай бейнеге түсіріп, дәлелдеу керек. Минимум 3-4 адам болу керек. Сосын халық жиналатын жерде болу керек, яғни басқа көрермендер болу керек.  Жақында жоспар бар, тағы 2 рекордқа қатысқым келеді. Қазір дайындалып жүрмін.  Енді, менің ойымша, қазақтың даңқын көтеру керек.

Ол алдын-ала дайындап алған реквизиттен гөрі, халықтың қолындағы заттарды пайдалану арқылы сиқыр ойлап табады. Репертуарындағы фокустарының жартысының авторы - өзі. Сондықтан өнерін халық шынайы деп есептейді. Жеңіс Айтжановтың басты мақсаты - қазақ елінде иллюзия өнерін өркендету. Қазір Алматыда «Сиқыршылар клубы» жұмыс істейді. Бірақ бұл аздық етеді деген оның сиқырды циркке емес, театрға жақындату ойында бар. Бұл өнерге қызығушылық танытып жүрген жастарға арнап, «Тұңғыш сиқыр кітабын» жазып жатыр. Жыл соңына дейін оқырманына табыстамақ. Ал жаңа рекордын Жеңіс келесі жылға жоспарлап отыр.

Айгүл ЕРМАХАН