Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда Ирина Сухованың өліміне қатысты туыстары мен дәрігерлер арасында дау туды

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2017
  • 3058

Ақтауда тамақтан уланған қыздың өліміне қатысты дау туды. 28 жасар Ирина Сухова  аяқ астынан өзін жайсыз сезініп, ауруханаға түскен. Ал араға екі күн салғаннан кейін көз жұмады. Марқұмның туыстары  дәрігерлер қызын уақытылы емдемеді деп айыптап отыр. Ал дәрігерлер, науқасты ертерек әкелгенде, оны құтқарып қалуға болушы еді, дейді. Тараптарды тілшіміз тыңдады.

Туыстары Иринаның бақилық болғанына сене алар емес. Әдеттегідей теңізге тынығуға аттанған олар бұл сапарының қайғылы аяқталарын білмедік дейді. Теңізден үйге келгесін Ирина өзін жайсыз сезіне бастайды. Бірер сағаттан кейін ауа жетпей демігіп, лоқси бастайды. Ал таңғы бесте ағасына хабарласып, халі нашарлағанын айтады. Кейін жедел жәрдем шақыртылып, науқас жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі. Дәрігерлер сырқаттың ағзасында су тапшы екенін, әрі қан қысымы төмендегенін аңғарып, ауруханада қалдырады. Ал кешкісін Ирина облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылыпты.

Олег Елаев, Ирина Сухованың ағасы:

Дәрігерлер көп уақыт жоғалтты. Түнгі сағат екіде Иринаның жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Таңертең келіп, оны сойып тексермеу керектігін өтіндік. Қаннан алынған талдаудың қорытындысы сол кезде ғана келді. Иринадан стафилококк таяқшасы табылыпты. Егер осыны ерте анықтағанда қарындасымды аман алып қалуға болар еді.

Туыстары Иринадан қанның сынамасы бір тәуліктен кейін кешігіп алынғанын айтады. Алайда, дәрігерлер мұнымен келіспейді. Қолдан келген көмектің бәрін жасадық деген олар стафилококк жұқтырғандардың тең жартысы көз жұматынын жеткізді.

Қайрат Диналиев, Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

Мен сол күні таңертең сағат он жарымда келіп, түнгі сағат бірде кеттім. Ирина бір сағаттан кейін қайтыс болды. Бірақ ағасына жағдайы қиын екенін айтып, алдын ала ескерттім. Егер олар науқасты ертерек әкелгенде,  аман алып қалуға болар еді. Бірақ өздері дәрігер болмаса да, біздің ісімізге араласады.

Дәрігердің сөзінше, уақытты өткізіп алғасын, денеге тараған бактериялар күш алып кеткен. Ал марқұмның туыстары дәрігерлер өз ісіне жауапсыздықпен қарап, есіл уақытты босқа өткізіп алды дегенінен қайтар емес. Прокуратура мен медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау департаментіне де шағым түсірген. Ал Ирина ертең жерленбек.

Еркін КАРИН