Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар жанармай бекеттерінде дизель отыны талонмен ғана саудаланып жатыр

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2017
  • 3461

Павлодардағы жанармай бекеттерінде дизель отыны талонмен ғана саудаланып жатыр. Облыстық әкімдік мамандары қазір қорда 3 мың 700 тонна солярка бар деп отыр. Бұл шамамен 7-8 күнге ғана жетеді. Қазір Ресейден сатып алу жоспары бар. Алайда, оның бағасы біраз қымбатқа түседі, - дейді шенеуніктер. Әйтсе де нарықтағы ахуал жанармайдың бұл түрін пайдаланушыларды тығырыққа тіреген. 

Павлодарда дизель отынының тапшылығы сезіле бастады. Жүргізушілердің айтуынша, өткен жұманың соңынан бері өңірде солярка еркін саудада жоқ. Тек талонмен ғана босатылып  жатыр. Бұл жағдай жанармай пайдаланушыларды тығырыққа тіреген. 

«Қазмұнайгазда» дизель жоқ. Тек талонмен немесе картамен ғана сатылып жатыр. Бұл жағдай өткен жұманың аяғынан басталды. 

Жаңа ғана рациядан айтып жатыр, Павлодарда солярка жоқ, қайдан құюға болады деп. Не істейтінімді білмеймін. Бірақ бүгін түнде жолға шығу үшін солярка іздеу керек. 

Өңірдің кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы өкілдері берген ақпарға сәйкес, қазірде импорт мәселесі шешіліп жатыр. Потенциалды жабдықтаушы табылған. Келісімге келсе, 25 күннің ішінде облысқа ресейлік дизель жеткізілмек. Бірақ оның құны сәл қымбатырақ болады. Алдын ала болжам бойынша, өндірушіден литрі 165 теңгемен сатып алынса, жанармай бекетінде солярка 180-185 теңгемен саудаланбақ. Ал облысқа бір айда 6-8 мың тонна дизель отыны қажет. 

Асхат Жармағамбетов, Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Алдын ала жасалған келісімшарттар бар. Сырттан, импортпен жеткізу мәселесін Павлодарға шешіліп жатыр. Сол себепті бүгінгі таңда бұлар талонмен жіберіп жатыр. Мониторинг мәліметі бойынша, 3700 тонна бар. Қысқы дизель отыны бар. Есеп бойынша, 7-8 күнге жетеді.

Дизель дағдарысы тасымалдаушылардың да жағдайын қиындатты. «Павлодар облыстық көлік жүргізушілер одағы» қауымдастығының төрағасы Василий Рудаковтың сөзінше, ахуал тұрақсыз.  

Василий Рудаков, «Павлодар облыстық көлік жүргізуішлер одағы» қауымдастығының төрағасы: 

Бізде проблема бар. Бірақ жергілікті билік мәселені шешіп береміз деп уәде берді. Яғни тасымалдау фирмаларын белгілі бір жанармай бекетіне бекітеді. 1-2 күндей байқап көрелік, жағдай түзелер деген сенімдеміз. Негізгі мәселе сырттан әкелінетін өнімнің бағасы болып тұр. Қазір ресейлік қысқы дизель 215 теңгеге жетті. 

Дизель отынына қатысты тұрақсыздық Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстарының созылып кетуіне байланысты туындаған. Ресми ақпарат бойынша кәсіпорын желтоқсанның 20-на қарай іске қосылмақ. Оған дейін билік солярканы сырттан сатып алуға мәжбүр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ