Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда кеншілердің біліктілігін шыңдайтын алғашқы оқу орталығы ашылды

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2017
  • 4004

Қарағандыда кеншілердің біліктілігін шыңдайтын алғашқы оқу орталығы ашылды. Онда шахтерлер техникалық қауіпсіздік ережелерін үйреніп, жаңа жерасты қондырғыларымен жұмыс істеуге машықтанады. Осылайша шахталардағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, тау-кен өндірісіндегі апаттарды азайту көзделіп отыр. Айжан Қуаш әңгімелейді.

Игорь Ябс - қарапайым жер асты жұмысшысы. Абай шахтасына кіргелі бірнеше жыл ғана болған. Енді кенші электродәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, жаңа кәсібінің игілігін көргісі келеді. Алдына мақсат қойған жігіт орталыққа жазылып, алғашқы тәжірибе сабақтарына қатысып үлгерді. Енді 6 айда орта мамандық алып шығады.

Игорь Ябс, «Абай» шахтасының кеншісі:

Білімімді, біліктілігімді арттырғым келеді. Жалақым да өседі. Ең бастысы, шахтадағы қауіпсіздік ережелерін, жалпы кен қазу туралы көп білетін боламын.

Ал Денис Горбатенко шахтадағы 10 жылдық еңбек өтіліне қарамастан қайта оқуды жөн көрген. Өйткені жүздеген метр тереңдіктегі «қуыстарды», яғни лаваларды көмір тасымалдауға дайындайды. Темір жолдар мен техникалар жүретін «тар дәліздерде» ережені бұзбау маңызды.

Денис Горбатенко, «Костенко» шахтасының кеншісі:

Мұнда техникалық қауіпсіздік негіздерін үйретеді. Бұл ережелерді білу өте қажет. Қазір жаңа технология, техника көп. Бәрі бір-бірімен байланысты. Біз әрқайсын қалай пайдалануды, жеке қорғаныс құрылғысын дер кезінде іске қосуды білуіміз керек.

Орталыққа қазірдің өзінде 150-ге тарта кенші жазылған. Кейбірі мамандықтарын өзгерткісі келсе, біразы білімдерін шыңдайды. 1 ден 6 ай аралығында техникалық қауіпсіздік сабақтарымен бірге жалпы және кен электроқондырғыларымен, көтергіш көліктер мен жер асты желдеткіштерінің құрылымымен танысады. Ол үшін он шақты арнайы жабдықталған дәрісхана мен зертхана ашылды. Оқу аяқталған соң шахтерлар емтихан тапсырып, арнайы куәліктер алады.

Регина Кышлалы, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ оқу орталығының бастығы:

Теориялық сабақтардан кейін, шахталарға тәжірибеге жібереміз. Оқытушылардың барлығы бұрын шахтада істеген мамандар. Мұнымен қоса біз қызметкерлерді дамыту бағдарламасын іске қосамыз. Қызметкерлер мен олардың балалары ағылшын тілін тегін оқи алады.

Оқу орталығы жаңа жылдан бастап шахтер болғысы келетін түлектерді тартпақшы. Өйткені Қарағанды шахталарында мыңға жуық маман жетіспейді. Ал кен орындарындағы жұмыс күшінің тапшылығы апаттарға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан жыл сайын 2 мың адамды оқыту жоспарланған.

Айжан ҚУАШ