Русский Сайттың толық нұсқасы

Атбасар ауданының әкімі А. Никишовты қамауда ұстау мерзімі 3 айға ұзартылды - сот

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2017
  • 2895

Тасқын су зардаптарын жоюға бөлінген қаржыны жымқырмақ болды деген күдікке іліккен Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишовты қамауда ұстау мерзімі 3 айға ұзартылды. Қазір оның ісі тергеліп жатыр. Бұл туралы Көкшетау қалалық сотының өкілдері мәлімдеді. Ал әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, Ақмола облысы әкімінің бұйрығымен Никишов қызметінен шеттетілді. Бірақ заңға сәйкес тергеу аяқталғанша оны жұмыстан босату мүмкін емес. Бәрі сот шешімінен соң белгілі болады.

Әкімнің міндетін уақытша оның орынбасары Қанат Игібаев атқарып отыр. Ал үйлерін су басқан тұрғындар үшін шенеуніктер Атбасарда жаңа баспаналар құрылысы жалғасып жатқанын айтты. Пәтерге ең алдымен мүгедектер мен зейнеткерлер ие болады. Ол шамамен 300 адам. Үйдің алғашқы кезегі желтоқсанда тапсырылуы тиіс. Жалпы 11 көпқабатты үй құрылысын 2018 жылдың шілдесінде аяқтау көзделген. Өтемақы мәселесі әлі толық шешілмеген. Қаржыны бөлу алғашқы тұрғындар қоныстанған соң жүзеге асады.

Елена Виншу, Ақмола облысы Атбасар аудандық әкімдігінің аппарат жетекшісі:

«Таза қалада» 30 миллион теңге қаражат бар. Мұны әр тұрғынға шаққанда 60 мың теңгеден ғана келеді. Мамырдың басында 300 мыңнан төлегенбіз. Жаңа жылдан бастап бұған дейін ақша алмағандарға өтемақы беріледі.

Ал осы аптадағы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі алдағы көктемде Атбасарды тағы да су басуы мүмкін деп мәлімдеген еді. 

Еске салсақ, сәуір айында Атбасар қызыл судың астында қалған еді. Темір жол көпірі тұсындағы дамбаны су шайып, Жабай өзенімен қатар еріген қар суы қалаға лап қойған. Ал бірнеше айдан соң Атбасар ауданының әкімі мен орынбасары 4 млн теңге көлемінде пара алып жатқан кезде қолға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша Никишов пен Серкебаев төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға бөлінген бюджет қаржысын жымқыру мақсатында арнайы жоспар құрған деген күдікке іліккен.