Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте құрылысшылар 15 млн теңге жалақысын өндіре алмайтын түрі бар

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2017
  • 3521

Шымкентте елуге жуық құрылысшы өткен жылдың жалақысын өндіре алмай жүр. Елдің әр аймағында көпір, жол секілді ірі құрылыстардың басы-қасында жүрдік дегендердің айтуынша, «ЮгСтройИнжиниринг» серіктестігінен алуы тиіс айлықтары 15 млн теңгеден асады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жалақысын даулағандардың арасында жастармен қатар жасы сексенді алқымдаған ақсақалдар да бар. Барлығы аталмыш компанияның уәдесіне сеніп келіпті. Айтуларынша,  компания басшысы 2014-2016 жылдар аралығында құрылысын жүргізген бірнеше нысанның жалақысын беруі тиіс. Есесіне еститіндері күнде ертең деген жауап көрінеді.

Ақыры мәселе сотқа жетіп, қарызды өндіру туралы былтырғы жылдың тамызында  шешім шығыпты. Сотта директор бір тиынын қалдырмай төлеймін деп уәде бергенмен, құрғақ сөз күйінде қалған. Амалы таусылған жұмысшылар сот орындаушысының көмегіне жүгінген екен. Бірақ өткен жылдың желтоқсанынан бері нәтиже жоқ, - дейді құрылысшылар.

Бекмырза Ізбасаров, жұмысшы:

Сембаев Орынбайға документтерді тапсырдық. Көке, деді. "Осы екі айдың ішінде  ақшасын алып береміз", деді. Соны екі айдан кейін қайтып келсек, «мына жерде директорды шақырып алып, түсініктеме алдық. Құдай қаласа, болып қалады»,-деді. 15 күннен кейін келіп сол жерде қайта -қайта есігін тоздырып, кей кезде бізді қуып шығарған, неге келе бересіңдер деп.

Жақсылық Баубеков, құрылыс инженері:

Менің өзімнің жеке басымдағы алынбаған айлық - 1 млн 200 мың. Ол 2015-2016 жылдардағы істелінген жұмыстардың айлығы. Әрқайсысының  үйі, жанұясы бар. Бала-шағасы бар. Оны асырау керек. Айлық ала алмай, бәрі шулап жүр. Көшеде жүрміз бәріміз.

Ал жеке сот орындаушы Орынбай Сембиевтің айтуынша, өзіне арызданған небәрі алты адам. Олардың алашағы 4 млн 662 мың теңге. Бұл соманы серіктестік басшысының атында ешқандай дүние-мүліктің болмауына байланысты өндіру мүмкін болмапты. Сондықтан сот шешімін қасақана орындамағаны үшін борышкердің атына полицияға арыз түсіріпті.

Орынбай Сембиев, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы:

Абай АІІБ хабарламасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда қылмыстың болмауына байланысты іс тоқтатылғаны туралы хабарлама алынып отыр. Біз сот орындаушылары барлық іс-әрекеттерді жасадық қолымыздан келгенше. Заңда көрсетілген бар іс-әрекеттер жасалған. Әрі қарай орындауға мүмкіндік болмауына байланысты, өндіріп алушыға атқару парақтарын орындаусыз қайтара аламыз. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Полицияның сот орындаушыға берген хабарламасына сүйенсек, жалақысын даулаған жұрт прокуратураның көмегіне жүгінсе болады. Сондай-ақ өндіріп алушы тарап,  борышкердің атында дүние-мүліктері анықталған жағдайда, кез-келген уақытта қайта арыздануға құқылы. Жеке сот орындаушының айтқаны осы.