Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында мұнай құбырынан шикізат ұрлағандар ұсталды

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2017
  • 3412

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгін арнайы операция кезінде құрықталған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері «Құмкөл-Павлодар-Шымкент» мұнай құбырынан 100 тоннадан астам шикізат ұрлаған. Мұндай деректі облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының бастығы айтты.

Ұйымдасқан топ алып құбырдың бірнеше ауданнан өтетін бөлігін ойып тескен. Осылайша мұнай өнімдерін біраз уақыттан бері жасырын түрде алып жүрген. Ұйымдасқандардың үстінен үш бірдей баппен қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органның дерегінше, олар мұнай ұрлығымен жыл басынан бері айналысып келген. Алдын ала есеп бойынша, кем дегенде 3,5 млн теңгенің өнімін алып үлгерген. Бұл сома бұдан да көп болуы ықтимал. Сатып алушылар да алыстан келмепті. Астыртын жолмен өңделген дайын өнім өңірдегі асфальт зауыттарына сатылған.

Асқар Алтыбаев, ОҚО прокуратурасы арнайы прокурорлар басқармасының бастығы:

Үш асфальт зауытқа сатқан, осы біздің облыста. Тағы да басқа облыстарға сатылған мәліметтер бар. 262, 188 және 197 Қылмыстық кодекстің баптарымен іс қозғалған. 197 - ол «Мұнай және мұнай өнімдерін  шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдау және иемдену» деген баптар.

Бір мезетте бес жерде ұйымдастырылған арнайы операция барысында осы қылмысқа қатысы бар 13 адам анықталды. Арасында күзет қызметінің өкілдері мен зауыт басшылары да бар. Соның бесеуі - белді мүшесі. Олар уақытша ұстау абақтысына жабылды.