Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқоңырлықтар үшін электр қуаты 30 теңгеге дейін арзандамақ

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2017
  • 3134

Байқоңырлықтар үшін электр қуаты арзандайды. Тариф, қаланың электр жүйесі Қызылорда облысы әкімшілігінің коммуналдық меншігіне өткен соң, төмендетілмек. Бұл туралы біздің арнамызға ҚР Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов мәлімдеді.

Осы күнге дейін «Жұлдызды қалашықтың» тұрғындары электр қуатының бір киловаты үшін ресейлік «БайқоңырЭнерго» мемлекеттік унитарлық кәсіпорнына 51 теңге төлеп келеді. Ал Байқоңырға шекаралас Төретам, Ақай елді мекендерінің тұрғындарына электр жарығы 18 теңгеден жеткізіледі. Жаңа жылдан бастап Қызылорда электр желісін тарату компаниясы осы төмен тарифті байқоңырлықтарға да ұсынуға әзір. Арнайы өкілдің айтуынша, қазірдің өзінде облыстың коммуналдық меншігіне кәріз және су жүйелері өтіпті. Оларды жаңғырту жұмыстарына техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен қазан айында 15 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары келер жылы басталады.

Серік Қожаниязов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі:

Біз Байқоңыр электр жүйесін Қызылорда электр желісін тарату компаниясына өткізу жұмыстарын бастап кеттік. Не үшін? Қалада коммуналдық қызметтер төлемдері облыспен салыстырғанда қымбатырақ. Қазір осы жұмысты реттесек, қала мен облыстағы тарифтерді теңестіреміз. Мысалы, Төретам мен Ақай тұрғындары байқоңырлықтармен салыстырғанда электр қуатының бір киловатына 20-30 теңге төмен төлейді. Айтарлықтай үлкен айырмашылық. Сондықтан осы жұмысты қолға алдық.