Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 4 мыңнан астам елді мекен орталық су жүйесімен қамтылмаған

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2017
  • 3098

Қазақстанда 4 мыңнан астам елді мекен орталық су жүйесімен қамтылмаған. Онда 2,7 млн халық тұрады. Ауыз сумен толық қамту үшін 700 млрд-тан астам қаражат керек. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында елді сапалы ауыз сумен қамту мәселесі жан-жақты қаралды. Үкімет мәселені шешу үшін ортақ оператор белгілеуді ұсынды. Кейбір депутаттар бұл монополияға алып келеді деп отыр. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Қазіргі қарқынмен 2,7 млн халық тұратын ауыл-аймақты таза ауыз сумен қамту процесі 2027 жылға дейін созылады, - дейді Асқар Мырзахметов. Мәселені шұғыл шешу үшін "Қазсушаруашылығы" мемлекеттік мекемесін елді мекендерге су тарту, құбырларды жөндеу жұмыстарына жауапты оператор ретінде бекітуді ұсынды. Сонда түйткіл 2022 жылы толық шешіледі және қажетті қаражат 700 млрд-тан 500 млрд-қа дейін қысқарады дейді. Ал мәжілісмен Өксікбаев ортақ оператор монополистке айналуы мүмкін деп қауіптенеді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Көп шаруана "Казводхозға" берем деп айттыңыз. Елбасымыз мемлектетік қызметтерді бәскелестік ортаға беру керек деген. Бұл сол тапсырамаға қарама-қарсы келмей ме, екіншіден,  бұл тағы да бір монополист туындатып отырмыз. Тағы тарифтердің өсуіне әкелмейді ме?

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

Бұл жерде "Казводхозға" жұмыс тауып беру емес, басқа жолы болмаған соң, мәселенің әлеуметтік маңызын ескеріп, ауылдық жерге инвестор бармайтыны ескеріп, жергілікті жерде басқа мүмкіндік жоғын ескеріп, бірден бір тиімді жолы осы. Ия, бұл жерде монополист болады. Бірақ таразыға салуымыз керек. Әлеуметтік мәселені шешу керек пе, әлде монополисттің қалыптасуы керек пе?

2002 жылдан бері ауыз сумен қамтуға бюджеттен  841 млрд бөлінді. Тек 2014-тен бастап қаржы дағдарысына байланысты бюджет шығыны 1,5 трлн-ға кесілген соң, қажетті сома аз көлемде беріле бастаған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

2016 жылы тіпті 6 млрдқа дейін бұл бағдарламалар азайып кетті.

Алдағы үшжылдық бюджет жобасында таза ауыз сумен қамтуға 154 млрд теңге қаралған. Бұл екі есе аз дейді депутаттар. Тек барлау жұмыстарының өзіне бәленбай млн теңге қажет.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Жер асты сулар қорын бекіту үшін, барлық рәсімдер мен жұмыстарды ескергенде - жобалық-сметалық құжатты әзірлеу, сараптамадан өткізу үшін - кем дегенде 2,5 жыл және қомақты қаражат қажет. Мысалы, кем дегенде осы мақсатқа бір елді мекенге 15 млн кетеді екен.

Бюджет көздерінен бөлек, бұл салаға ақша құюға халықаралық қаржы құрылымдары әзір отыр. Бүгін мәжіліске арнайы келген Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілі осылай деді.

Джованни Копанилли, АДБ Қазақстандағы тұрақты даму өкілдігінің директоры:

Азия даму банкі 2021 жылға дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы, ауыз су, транспорт, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру салаларына 1 трлн теңге қаржы бөлуге келісім жасасты.

Салаға қаржы құюдан шетелдік инвесторлардың тартыншақтауы, Қазақстанда суды  тұтыну тарифі төмен. Салған қаржы қайтпайды деп қорқақтайды. Алдағы бес жыл бойына су бағасы өзгермейді деп, биыл тұрақты тариф бекітілген. Бүгінде орта есеппен бір текше метр су  60-70 теңге тұрады.