Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда тұңғыш рет ұлттық спорт жекпе-жектен әлем чемпионаты өтті

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2017
  • 3354

Атырауда жекпе-жектен алғаш рет әлем чемпионаты өтті. Қазақтың төл спортын жер-жаһанға насихаттауды көздейтін спорттық додаға алыс-жақын шетелдерден 100-ден аса спортшы қатысты. Суырылып ақтық сынға өткен дүлділдер 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара «кім мықтыны» анықтады. Ал атыраулық демеушілер чемпиондарға қомақты жүлде тікті. Аталмыш шара Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күніне және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды.

Үш күнге созылған әлемдік дода атыраулықтарды спорт сарайынан алысқа ұзатпады. Залда ине шаншыр орын жоқ. Қазақтың күйі күмбірлеп, ұлттық спорт мерекесінің мерейін одан әрі асқақтатты. Алғашқы чемпионат болғанымен қатысуға ниет білдіргендер көп. Әзірге ТМД-ның 9 елінің спортшылары күресті. Дегенмен, бұл - қазақтың төл спортын әлемге танытуды мақсат еткен нық қадам,- дейді ұйымдастырушылар.

Азамат Бекет, Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Жекпе-жектен қазақтың әлем чемпионаты алғаш рет Атырауда өтуде. Ол біз үшін үлкен мәртебе, үлкен абырой. Бұл аралас жекпе-жек болғасын ММА, панкратион, барлық спорт түрлері ұқсайды. Олардың әлемдік деңгейге шығып кеткесін, біз де мақсат қойдық. Осы өзіміздің ұлттық спорт түрін әлемдік деңгейге шығару мақсатымыз да бар.

Ақтық сынға шыққан 20 спортшының жекпе-жегі тартысқа толы болды. Чемпионаттағы тағы бір ерекшелік - төрешілер нұсқауларының барлығын қазақ тілінде берді. «Мұстафа Өзтүрік» деген лақап ат иеленген Арман Әшімов алғашқы күні Қырғызстан, ал ақтық сында Ресей спортшысын тізе бүктіріп, 57 келі салмақ бойынша чемпион атанды. 

Арман Әшімов, Ұлттық спорт жекпе-жектен әлем чемпионы:

Жеңіске жеткеннен кейін қуанышымыз өте зор, жақсы. Қазаққа, Атырау қаласына көп-көп рахмет. Осындай қолдап отырғандарына. Бірінші күні қырғыз спортшысымен қиын болды. 

10 алтын медалдың 8-і Қазақстан құрамасына бұйырды. Чемпионаттың алтын медаль иегерлеріне 2 мың, күміс жүлдегерлерге 1 мың, ал қоланы місе тұтқандарға 500 АҚШ доллар көлемінде сыйақы берілді.