Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Египетке наразылық нотасын жолдады

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2017
  • 2421

Қазақстан Египетке наразылық нотасын жолдады. Өйткені Мысырда ұсталған қазақстандықтар не себепті қамауда отырғаны, қайда екені белгісіз. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов мәлімдеді. Наразылық нотасы ел билігіне ғана емес, Қазақстандағы Египеттің уақытша сенімді өкіліне де жіберілген. Бұған дейін де министрлік нота жолдаған болатын.

Енді жерлестерімізге қатысты мән-жайды түсіндіруді және Мысырдағы консулдың студенттермен кездесуін батыл түрде талап етіп отыр. Жақында Қазақстанның Египеттегі елшісі Жоғарғы конституциялық сот төрағасы мен Египет президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісімен кездескен. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақовтың айтуынша, осы уақытқа дейін жүргізілген екіжақты келіссөздер ешқандай нәтиже бермей отыр.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Осы уақытқа дейін біз Мысыр тарапынан Қазақстан азаматтарын ұстау себептерін, олардың қазір қайда екендігі туралы ресми ақпарат алған жоқпыз.

Еске салсақ, Мысырға кеткен студенттердің байланысқа шықпай қалғанын туыстары хабарлады. Сыртқы істер министрлігі жоғалғандардың саны алтау екенін мәлімдеді. Кейін шілденің 19-нан 20-сына қараған түні оларды ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ұстап алғаны белгілі болды. Студенттердің қамауда отырғанына 12 күн болды. Туыстары олардың Катардағы қайырымдылық қордың демеуімен тіл курсынан өту үшін кеткенін хабарлады.