Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда заңсыз киік аулаған топтың ісі сотта қаралып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2017
  • 3166

Оралда заңсыз киік аулаған топтың ісі сотта қаралып жатыр. Маусым айында ұсталған күдіктілердің ішінде «Охотзоопром» мекемесінің аға инспекторы да болыпты. Ал қалғандары жеке бизнесі бар жергілікті ауыл тұрғындары екен. Күдіктілердің үйі мен жұмыс орнынан 288 дана киік мүйізі, 3 миллион теңге, қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған. Кейін полиция олардың қаршанасы мен джип көліктерін тәркіледі. Ал мемлекетке келген шығын 745 миллион теңгені құрайды. Іс адвокат пен сотталушылардың қарсылығына қарамастан, ашық өткізілетін болды.

Сот: - Неге жабық болсын дейсіз? Адвокат: - Заң талаптарына сай... Сот: -Қай заң талаптарына сай. Адвокат: - Қылмыстық процестік... Сот: Қылмыстық процестік кодексте тек қана жыныстық қатынас пен мемлекеттік құпия бойынша ғана жабық болады 29-бапқа сәйкес. Енді бұл жерде мемлекеттік құпия бар ма? Прокурор? Прокурор: - Құрметті сот, менің қарсылығым жоқ БАҚ өкілдерінің қатысуына.

Аймақта киікті заңсыз аулағандар қатары азаяр емес. Жалпы жыл басынан бері браконьерлерге қатысты 13 қылмыстық істің тек төртеуі сотқа жіберілген. Өйткені оларды киік аулаған жерінен айғақ заттарымен қолға түсірмесе, қылмысын дәлелдеу қиын, дейді полицейлер. Сондықтан айыппұл төлеп, оңай құтылып жатады.