Қытай
тасымалдаушылары Ляньюнган порты арқылы қазақстандық бидай экспортының көлемін
арттырмақ. Бұл жөнінде біздің арнамызға
Қазақстан-Қытай халықаралық логистикалық компаниясының басшысы
мәлімдеді. Екі ел арасындағы келісімнің артықшылықтары жайында келесі
бейнематериалда.
Ляньюнган
- әлемдегі ірі 25 порттың бірі. Осы жерден күн сайын төрткүл дүниеге мыңдаған
жүк кемесі аттанады. Басты ерекшелігі - Ляньюнган теңіз бағыты ғана емес,
құрлық порты да. Бұл жерден Хоргос арқылы Алматыға, Ташкент, Ақтау, одан әрі
Түркияға пойыздар жүреді. Үш жылдан бері оның аумағында Қазақстан-Қытай
терминалы жұмыс істеп тұр. Біздің елге акцияның 49 пайызы тиесілі болса, қалған
51-і аспан асты елінің иелігінде.
Лю
Бинь, «Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясының» бас
директоры:
Үш
жылдың ішінде экспорт пен импорттың көлемі 8 млн тоннадан асып түсті.
Контейнерлер көрсеткіші де жоғары. Көрсеткіш 500 мың контейнерге жетіп отыр.
Бұл терминал Оңтүстік Шығыс Азиядан Қазақстанға, Ресей мен Еуроодаққа жүк
тасымалын жандандыру үшін құрылған. Үстіміздегі жылдың қаңтарында Жалтыр
бекетінен Вьетнамның Хошимин портына қазақстандық бидайдың алғашқы партиясы
жеткізілді. Әзірге Ляньюнган - мұндай тасымалды жүргізетін жалғыз порт. Болашақта
жүк көлемін арттыру жоспарланған. Терминалды компьютерлендіру уақыт пен
кадрларды үнемдеуге мүмкіндік берді. Мәселен, Қазақстан тарапынан небары 8 адам
жұмыс істейді. Олардың еңбек талабы мен жалақысы жайлы ақпарат ала алмадық.
Белгілісі, жуырда осы жерден Қазақстан аумағы арқылы Орта Азия мен Станбулға
алғашқы құрам жолға шыққан.
«Бір белдеу - бір жол» жобасы Қазақстан үшін
де жан-жақты тиімді. Қазақстан транзит арқылы қаржы тауып, көлік дәлізін
дамытуға мүмкіндік алады. Өз идеясын жүзеге асыру үшін Қытай жағы 4 триллион
АҚШ долларын құюға әзір. Жібек жолы бағытындағы тағы бір маңызды бекет -
Чжэцзян провинциясы. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазақстандыққа
қарағанда қытайлық инвестиция көлемі біршама жоғары.
Пэн
По, Чжэцзян провинциясы әкімшілігінің халықаралық байланыстар басқармасы
басшысының орынбасары (ҚХР):
2016
жылдың маусымы бойынша Чжэцзяннан Қазақстанға құйылған инвестиция 530 млн
долларды құрады. Соның арқасында қазір ол жақта 19 кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақ елінен Чжэцзянға құйылған инвестиция - 33 млн 980 мың доллорға жеткен.
Бұл 15 кәсіпорынмен отырған келісімшарт негізінде.
Иу қаласында
сауда-саттық қызу. Мұнда 10 мың өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді екен.
Қарапайым ілгектен бастап, киім-кешек, ойыншыққа дейін шығарылады. Өнім ірі
базарға жеткізіліп, одан әрі саудаланады. Басты ерекшелігі - сатып алушы қажет
тауарды таңдап, келісімге келген соң, жүгін әлемнің 700 қаласының біріне
жөнелтуге мүмкіндік алады. Бұл жерден Иу халықаралық порты арқылы Қазақстан мен
Жібек жолы бойындағы елдерге де тауар жеткізіледі.