Русский Сайттың толық нұсқасы

Екі әйел мен бір сәбиді пышақтап өлтірген Әділет Камалиевтің ісі сотта қаралды

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2017
  • 3211

Орал қаласында жауыздықпен өлтірілген үш адамның туыстары айыптыға ату жазасын кесуді талап етіп отыр. Бұл туралы олар алғашқы сот отырысында мәлімдеді. Прокурор айыпталушы Әділет Камалиев екі келіншек пен төрт жасар ұл баланы, намысына тиетін сөз айтқан соң, пышақтап өлтіргенін мәлімдеді. Сот залынан оралған тілші бейнематериалында.

Еркін Карин, тілші:

Айыпталушы Әділет Камалиев сот процесінің жабық өтуін сұрағанымен, бұл тілегі қанағаттандырылмады. Бірақ ол істі алқа билердің қарауынан бас тартыпты. Сот кезінде мәлім болғандай, Камалиев өзі өлтірген келіншектердің бірін ұнатып, тіпті бас қосып бірге тұруды да ұсынған. Бірақ жігіттің сезімі жауапсыз қалыпты, бұл аздай ұнаған келіншектің құрбысы оның намысына тиген көрінеді.

Жанболат Айманов, прокурор:

«Сен Серікжановаға лайықты жігіт емессің. Оның отбасылық жағдайын көтеріп, бірге тұра алмайсың. Қазір сенің тұрақты жұмысың жоқ. Сол себепті Атырау қаласында тұратын таныс жігіті оның жағдайын жасап, екеуі азаматтық некеде бақытты өмір сүреді. Баянсұлу ол жігітті жақсы көреді. Қазір сен оған лайықты емессің», - деп қайталап, намысына тиетін сөздерді айта бастаған.

Прокурордың айтутынша, осыдан кейін ашуға мінген Әділет Камалиев келіншекті 18 жерден пышақтап өлтіреді. Әйелдің көмек сұрап шыңғырған даусынан үйде ұйықтап жатқан 4 жасар бала да оянады. Құрбандығын баланың көзінше өлтірген Камалиев кейін пышағын қайшыға ауыстырып, бейкүнә балаға 27 жерінен қайшы тыққан. Кейін үшінші құрбандығын да күтіп алып, оны да осылай жазалапты. Сосын ізін жасыру үшін үйді өртеп жібереді. Абайсызда айтылған ауыр сөз осылайша үш адамның ажалына әкеп соқтырды.

Ал марқұмдардың туыстары Камалиевке ату жазасын сұрады. Өйткені екі адамды ажалға қиып, кішкентай сәбиді де аямаған жендетке аяушылық жасалмауы тиіс дейді.

Азамат Сатыбалдиев, марқұмның туысы:

Ауыр қылмыс жасағанына кінәсін мойындап отыр. Соны өмір-бақи бас бостандығынан айыруын сұраймын не болмаса ату жазасын берсін!

Еркін Карин, тілші:

Сот кезінде Әділет Камалиевтің бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін істі болғаны, кәмелетке толмаған екі баласының бар екендігі мәлім болды. Дегенмен бұл жолы оның 15-20 жылға дейін сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Өйткені заң бойынша екі немесе одан да көп адамды өлтіргендерге осындай жаза қарастырылған. 

Еркін КАРИН