Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада қоғамдық көліктің жолақысы 2 тамыздан бастап 70 теңгеден 90 теңгеге өседі

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2017
  • 3220

Ал Қызылордада ертеңнен бастап қоғамдық көлікпен жүрушілер 90 теңге төлейтін болды. Бұған дейін жолақы 70 теңге болған еді. Енді оқушылар мен студенттер бұрынғы 30 теңгенің орнына 40 теңгені төлейді. Бүгін облыстық әділет департаменті қала әкімінің жаңа тариф жөніндегі 13 шілде күні шыққан қауылысын бекітті. Тасымалдаушы мекеме "Қызылорда қаласының автобус паркінің" басшылығы жолақысын 70 теңгеден 100 теңгеге дейін ересектерге, балаларға - 30-дан 50-ге дейін өсіруді маусым айының басында сұраған болатын. Қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай мен газдын қымбаттауын алға тартқан болатын.

Әнуар Нақып, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС басшысы:

Қосалқы бөлшектердің барлығы біздің отандық өнім емес, оның барлығы шетелден тасымалданады, автобустарымыз шетелдік болғандықтан. Былтырғы салыстырмалы түрде жүргізгенімізде 100-150, кейбір заттары 250-пайызға дейін қымбаттап кетті. Газ отыны да қымбаттап жатыр.

Ал қарапайым халық, жаңа тарифпен төлеуге қалтамыз көтермейді, деп отыр. Сондықтан кейбірі жаяу жүруге мәжбүр.

Дәмелі Нұржанова, зейнеткер:

Мен, мысалы, 45 мың пенсия аламын. Барлық тағам да, газ да, су да, свет те - барлығы қымбат. Біз сияқты қарапайым халық бұл 50 теңге, 100 теңге дегенді табу оңай емес. Сондықтан мен міне жаяу жүріп келе жатырмын, 70 теңгенің өзін табу оңай емес. Екі рет автобусқа мінсең, үшінші рет жаяу журуге тұра келеді.