Русский Сайттың толық нұсқасы

Шу қаласындағы көп балалы отбасы көшеде қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2017
  • 2850

Жамбылдағы Шу шаһарында тұратын Тасқайыровтар отбасы қыстың қара суығында далада қалатын болдық деп дабыл қақты. 6 балалы отбасы 15 жыл бойы аудан басшыларынан баспана сұрап шаршаған. Ал қазіргі тұрып жатқан қуықтай бөлмені қожайыны босатуын талап еткен. Ал Чернобыль апатына қатысқан отағасының жан бағуға денсаулығы жарамайды. Жалдамалы үйді жағалап шаршаған отбасының жағдайын Данияр Әлімқұл біліп келді.

Баспанаға зәру Тасқайыровтар біреудің босағасында балаларын бағып-қағып отыр. 16 жастағы үлкен қызы - коллежде студент, ең кішісі 5-те. Мектепке 4 баласы барады. Мына қуықтай бөлменің қожайыны оларға баспананы босат депті. Қайда барамыз деп қайғырған отбасы қала билігі қарайласса дейді.  Тіпті, жылына бір рет болса да, жаңа жылда жарылқай ма деп үміттенеді. Алайда, атқамінерлер көмек емес, ойыншықтар ғана береді дейді.

Зері Тасқайырова, көп балалы ана:

Жұмсақ ойыншықтар береді. Енді ол мына балаларға қуаныш болғанымен, оны мен балаларға тамақ қып бере алмаймын ғой. 15 мың теңге төлейміз. Неше ай болды төлей алмай отырмыз. Қазір енді босат деп отыр. Даярлық сыныбында оқитын балама кітап алу үшін пәленбай ақша керек. Оның бәрін ксерокөшірмеден өткізіп отырмыз. Бізге бір зейнетақы жетпейді.

Отағасы Қазизхан - Чернобыль апатының ардагері. 2-ші топтағы мүгедек. Оның 49 мың теңге зейнетақысы ғана отбасын асырауға әрең жетіп жүр. Ақжағалылардың алдында үй сұрай беріп үмітім үзілді деп налиды.

Қазизхан Тасқайыров, «Чернобыль» апатының ардагері:

2002 жылдан сұрап жүрміз ғой. Әкімшілкке талай барған соң, күдер үзіп, анда-мұнда жаздық. Барлық жерден бір жауап келеді. «Үй жоқ, бюджетте ақша жоқ», дейді.  Жұмысқа өкпе шыдамайды. Денсаулығым жоқ шыны керек. Біздің сұрайтынымыз - бір баспана. Ел қатарлы тұрар едік, ештеңе сұрамай.

Шулық шенеуніктер балалы үйдің базынасынан бейхабар емес.

Ербол Айманбетов, Шу ауданы әкімінің орынбасары:

Мемлекет иелігінде ондай пәтерлер болмағандықтан, қазір ол кісілер есепке алынып, тіркеуде тұр. Биылғы жылы Шу қаласында 75 пәтерлі үй коммуналдық меншікке алынып, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары басталды. Кезекте тұрған азаматтарға, мұқтаж азаматтарға сондай үйлер қарастырылатын болады келешекте.

Атқамінер айтқандай, қазір жөнделіп жатқан мына көп қабатты үй келесі жылдың күзінде тапсырылады. Арғы жылы тағы осындай 4 үй жаңғырмақ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жөндеу жұмысы жаңғырып жатқан нысаннан балалы үйге баспана бұйыра ма, жоқ па  белгісіз. Өйткені Тасқайыровтар, «бізге келгенде әкімдіктің әмияны жұқарып қалады» деп, сенбейді. Үй мәселесін шешіп береміз деген шенеуніктердің уәдесі шаршатты деп отыр. Баспананың болмағынындай, уәденің де орындалмағына 15 жыл болған.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ