Шымкентте аса ірі көлемде ақша бопсалау дерегіне қатысты сот отырысы басталды. Бөкейхан Қайыпназаров есімді азамат танымал кәсіпкер Серікжан Сейтжановтан 7 миллион АҚШ долларын талап еткен. Тергеу мәліметіне сай, сотталушы сәуір мен шілде айы аралығында кәсіпкердің ұялы телефонына бірнеше рет хабарлама жіберіпті. Егер ірі көлемдегі қаржыны бермесе, Сейтжанов пен оның туыстарына қатысты мәліметтерді ғаламторға жариялайтынын жазған. Прокурор сотта Сейтжановтың айыпталушыға ешқандай берешегі болмағанын жариялады. Яғни ол пайдакүнемдік мақсатта мол қаржыны иемденбек болған. 15 тамызда ақшаны алып жатқан кезінде қолға түседі.
Балғабай Сеңгірбаев, мемлекеттік айыптаушы:
«Mercedes-Benz» маркілі автокөлікте ақша алу барысында Қайыпназаров ұсталған. Оның үстіндегі киген көк түсті джинси шалбарының қалтасынан 20 мың АҚШ доллары тәркіленіп алынды. Барлық купюралар реестрмен сәйкес келген. Артқы багажынан 3 млн АҚШ долларының муляжі тәркіленіп алынды. Ол өзінің іс-әрекетімен ҚР ҚК 194 бабының 4 бөлігі 2 тармағында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасаған.
Айта
кетейік, Серікжан Сейітжанов «Forbes» дерегі бойынша
еліміздегі елу ықпалды бизмендер тізімінде 18-ші орында тұрған адам. Ол «Саутс-Ойл» серіктестігінің бақылау пакеті акциясына ие. Аталған компания Қызылорда өңірінде көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру ісімен айналысады.