Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада Тәуелсіздік күніне орай жаңа емхана ел игілігіне берілді

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2017
  • 3008

Қызылордадағы Белкөл кентінің тұрғындары көптен күткен табиғи газға қол жеткізді. Сондай-ақ қызылордалықтарға жаңа форматтағы алғашқы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пайдалануға берілді. Оған қоса үш жүз отбасы пәтер кілтін иеленді. Бұл игі шаралар Тәуелсіздік мерекесіне орай жасалып отыр.

Белкөлдіктер қыс бойы көмір жағудың азабынан құтылдық деп қуанады. Ең бастысы - өрт қаупі сейілді деген тұрғындар ауылға табиғи газдың келуін бірнеше жыл бойы күткендіктерін айтады. Қызылордаға тиіп тұрған елдімекенге жылумен қоса береке келген. Халық бұған дән риза. 

Бақытгүл Ержанова, Белкөл кентінің тұрғыны:

Неше рет табиғи газ болмағандықтан, жұрттың үйлері өртеніп, адам осы дүниеден кеткен заманда болды. Енді осындай ЧП-лар болмай, жұрт деген жылы суға қолын жылытып, үйін жылытып отырады.

Көпқабатты тұрғын үйлерді салып, пайдалануға беру бойынша Қызылорда облысы көш басында келеді. Аймақта апатты үйлер мәселесі түбегейлі жойылған. Соңғы төрт жарым жылда Қызылордада 12 жаңа шағын аудан пайда болды. Бүгін тағы үш жүзден астам отбасы қоныс тойын тойлауда. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Өткен жылы біз 81 көп қабатты үй салдық, Алматы қаласында осы «Баспана» бағдарламасы бойынша олар 63 үй салды. Биыл біз 61 үйді тапсырамыз деп отырмыз, 2 971, үш мыңдай жанұя жаңадан пәтердің кілтің алады.

Бұрынғы сауықтыру орталығы жаңғыртудан өткізіліп, жаңа форматтағы 400 орындық емханаға айналған. Бұл нысан аймақтың медицина саласында алғашқы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жұмыс бастағанымен ерекшеленеді. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік негіздегі 110 жоба бар. Оның үшеуі республикалық, 107-сі жергілікті маныздағы нысандар. 2017 жылы жалпы сомасы 18 миллиард теңгені құрайтын 31 шарт жасалды. Бұл құжаттар емдеу мекемелерін салып, жаңғырту және медициналық техникамен жабдықтауға бағытталған.  

Аймақ басшысының айтуынша, жақын арада Сырдарияның сол жағалауында алғашқы нысан пайдалануға беріледі. Ол 320 орындық заманауи балабақша. Жаңа шағын ауданға  тұрғындардың алғашқы легі 2018 жылдың жазында қоныстанады деген жоспар бар.

Шарипа САҚТАПОВА