Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақордада мемлекеттік наградалар табысталды

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2017
  • 3538

Мемлекетіміздің жоғары дәрежелі марапаттары жаңа иелерін тапты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында игі дәстүр бойынша Елбасы бірқатар азаматтарға ордендер мен медальдарды табыс етті. Арасында елге еңбегі сіңген қайраткерлер де бар. Президенттің қолынан атақты өнер тарландары, спортшылар, бірқатар министрлермен бірге, қарапайым шаруалар да марапаттарын алды. Салтанатты рәсімнен Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтары бүгін Ақордаға төрт көзі түгел жиналды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық дамуына аянбай тер төккен бір топ игі жақсыға жоғары деңгейде құрмет көрсетілді.

Тәуелсіздік тойында марапатқа лайық деп танылғандардың көшін Ахметжан Есімов бастады. «ЭКСПО» халықаралық көрмесін мінсіз атқарғаны үшін. Енді ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл оның туған күніне жасалған керемет сыйлық болған сияқты.

Ахметжан Есімов, «Қазақстанның Еңбек ері», «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Әр адамның туған күнінде көңіл-күйі жақсы болады ғой. Таң атпастан құттықтаулар дегендей. Оның үстіне, әрине, бүгінгі туған күн ерекше күн. Себебі Елбасы үлкен марапатмен наградтап отыр.

Жоғары дәрежелі «Еңбек Ері» төсбелгісі қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы - Жақсылық Үшкемпіровтің кеудесінде де жарқырады. Туып өскен ауылында жас отбасыларға арнап өз қаржысына тұрғын үйлер салғызған. Балабақша мен көп салалы спорт кешенін тұрғызып, газ желісін тартқызған. Елбасы бұл азаматтың еңбегін «Туған еліне қызмет етудің үздік үлгісін көрсетті», деп бағалады. Десе де даңқты балуанның арманы бар екен.

Жақсылық Үшкемпіров «Қазақстанның Еңбек ері», тұңғыш олимпиада чемпионы:

Менің деген бір арманым бар, аға. Осы көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Соны 5 мың қазақтың жігіті сол ауылдарды көтеріп жіберсек, одан басқа қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын, аға. Бірігіп әлі талай таудан тауға жетеміз. Сіз мені әрқашан жеңесіз ғой, аға. Рақмет. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірнеше мәрте совет одағының жеңімпазы болды. Ешкім айтқан жоқ. Олимпиададан жеңді, дүние жүзінің чемпионы болды, оны да ешкім айтқан жоқ. Тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтар қалталы болды, байыды. Сол үшін мен қызмет істеп жүрмін. Енді тапқанының біразын елге берсін сен сияқты. 

Қазақ спортының тағы бір жарық жұлдызы, шаршы алаңда талай мықтыны сұлатқан саңлақ боксшы Қанат Ислам. Оның халықаралық дәрежедегі чемпиондық марапаттары «Құрмет» орденімен толықты. 

Қанат Ислам, «Құрмет» орденінің иегері, кәсіпқой боксшы:

Бірінші рет алып отырмын. Өте қуаныштымын. Осындай елім дейтін, жерім дейтін, ерінбейтін Елбасымыздың қолынан үлкен марапат алу - мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісі де айтып жатыр, алда үлкен үміт күтеміз жекпе-жегіңнен деп, бұл менің алда қойған мақсатыма үлкен бір беріліп жатқан сенім деп ойлаймын.

«Отан», «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Даңқ», «Айбын». Жоғары дәрежелі марапаттарға бір топ министрлер де ілікті. Сондай-ақ, ғылым-білім мен медицинаға үлес қосқан өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдері, әскерилер және қарапайым шаруалардың да еңбегі еленіп, кеуделерінде түрлі төсбелгілер жарқырады.

Аманғос Төлеуов, «Отан» орденінің иегері, «Степное» ЖШС директоры, Ақтөбе облысы:

Мұндай марапатқа ие боламын деп күткен жоқ едім. Бірінші рет мен Ақордада болып тұрмын. Ең бірінші төбем көкке жетпегенмен жақындап тұр, айналайын. Бүкіл ауыл халқы, ел сәлем айтып жатыр Астанаға.

«Парасат» ордені кеше ғана Бас прокурор болған, бүгінде Жоғарғы соттың тізгінін қолына алған Жақып Асанов пен қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешоваға да бұйырды. Қошеметке ие болғандардың риясыз көңіл-күйі мен жылы лебіздері кездесудің тамаша атмосферасын жасап берді.

Айгүл Әдепбай