Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында әлімжеттік жасап, ақша жинау фактлері бар ма? Аймақ прокурорлары осы дерекке қатысты тексеріс жүргізді. Бұған дейін жергілікті басылымдардың біріне кейбір білім ошақтарын күзетумен айналысатын патриоттық клуб мүшелері хабарласып ақша жинау схемасын жайып салған. Алайда, тексеру нәтижесінде мұндай деректер анықталмады. Прокуратура өкілдері: «Бұл әңгіменің шығуына сол патриоттық клубтың өзі мүдделі болуы мүмкін», - дейді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақша жинау дерегі туралы хабарлағандар 2009-ыншы жылдары жағдайдың тіпті нашар болғанын тілге тиек етіпті. Яғни ол кезде «түрмедегілерге көмек» деген желеумен оқушылардың қалтасы қағылған. Патриоттық клуб өкілдері қазір де жағдайдың көп өзгермегенін, шаһардың әр ауданына жауапты ақша жинағыштар барын айтқан.
Басылымда жарияланған материалға прокурорлар да назар аударды. Білім бөлімінің мамандарымен бірге қаладағы барлық мектеп тексерілген. Оқушылар арасында анонимді сауалнамалар жүргізілген. Алайда, ақша жинау дерегі анықталмады. Сауалнамаға қатысқан 12 200 оқушының 98,5 пайызы «ешқандай әлімжеттік жасалған жоқ» деп жауап берген.
Индира Бексұлтанова, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы:
«БАҚ парақшасында пайда болған осындай жалған ақпарат бойынша біздер осы демалыс күндері бұл ақпараттың жалған екенін және ол дәлелін таппай отырғанын айта кеткіміз келіп отыр. Себебі қала бойынша қаланың 78 мектебінде мұндай жағдайлар ешқандай да жол алғандығы туралы немесе тіпті бір жағдай болғандығы туралы өз дәлелін таппай отыр».
Ал, облыстық прокуратура өкілі мұндай ақпараттың таралуына патриоттық клубтың өзі мүдделі болуы мүмкін дейді. Себебі клуб мүшелері жастар тәрбиесімен және кейбір мектептерді күзетумен айналысады. Өздерінің қызмет көрсету аясын кеңейту үшін осындай ақпарат тарату оларға тиімді көрінеді.
Жасұлан Дәулембаев, Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі:
Елді дүрліктіру арқылы өздерінің қызмет көрсету аясын кеңейткісі келді деген болжам бар. 2015 жылы оларға қатысты келеңсіз жағдай болған. «Балаларды ұрды» деп кейбір мектептер мұндай клубтардың қызметінен бас тартқан еді. Мына жағдайдың оларға не үшін қажет болғаны белгісіз. Оны анықтаймыз.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір
Ақтөбедегі әрбір мектеп пен колледжге прокуратура өкілдері бекітілген.
Сондай-ақ, мектеп инспекторлары мен психологтар жұмыс істейді. Ал, елді
дүрліктіріп, жалған ақпарат таратушылардың ісін құқық қорғаушылар
тексеріп жатыр.
Жақсыбек КЕМАЛ