Алматы жұртшылығы Құман Тастанбековті ақтық сапарға шығарып салды. Қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Алаштың айтулы азаматы демалыс күндері өмірден өткен еді. Ол Ақтаудағы туыстарына қонаққа барғанда кенеттен қайтыс болған. Марқұмның денесі Алматыға арнайы рейспен жеткізілді. Әуезов атындағы театрда өткен қаралы жиынға келгендер өнер майталманын соңғы рет көріп, сүйікті актерімен қоштасты.
Кино және театр майталманымен қоштасуға келген жамағат театрдың үлкен холлына жиналған. Дәл осы жерден қазақ рухниятының талай марқасқалары мәңгілік мекеніне аттанды. Бүгін міне Құман Тастанбеков өзі жарты ғасыр тер төккен қара шаңыраққа бір сәт аялдады. Сахнада «Қазақтың Төлегені» деген атпен шағын деректі фильм көрсетіліп, қимастық лебіздері мен қоштасу сөздері айтылды.
Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі:
Құманның кіршіксіз таза жігіт екенін елдің бәрі біледі. Әсіресе мен білемін қасында жүрген. Жақсы адамнан ғана жақсы актер шығады. Құманның жаны кіршіксіз, таза еді. Өтірік-өсектен аулақ еді, интрига дегеннен. Күліп қана тұратын. Жайдары ғана жігіт ортамыздан кетті.
Құман Тастанбеков Талдықорған өңірінде дүниеге келген. 22 жасында атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлімен барша қазаққа танылды. «Біздің Ғани», «Қыс - суармалы кезең емес» фильмдерінде басты рөлдерді сомдады. Ал театр мен кинодағы еңбегі үшін Қазақстанның халық әртісі, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, Лениндік комсомол сыйлығы лауреатына ұсынылды. Тәуелсіздік алған соң да халқы сүйікті ұлын тұғырынан түсірмей, атақ пен даңққа бөледі.
Сәбит Оразбаев, ҚР Халық әртісі:
Түбінде тіршіліктің тағдыр ие, тәңірдің құзырында бар дүние, дейді. Көңілің қайғы болса, қыл қобызың зарлайды зар күйіне деген. Қазір қобыздың үні барлығымыздың кеудемізден күңіреніп кетпей отыр. Енді оның бейнесін кинодан көреміз, сағымға айналса, көзге елстетеміз. Арты жақсы болсын!
Құман Тастанбеков, Әнуар Молдабеков пен Асанәлі Әшімовтің достығы «Қыз Жібек» фильмі түсірілген сәттен басталған. Оның өнерде де, өмірде де серігі болған Асанәлі ағамыз осы бір актерлік ансамблдің қазақ өнеріндегі «алтын кезең» екенін айтады. «Қыз Жібекке» түскен негізгі құрамнан Құман, Меруерт және мен ғана тірі жүрген едік. Енді бұл жұптың да мәңгілік еместігіне көзім жетті, деп өкінішінін қоштасу өлеңімен жеткізді.
Ол заманның Төлегенін қазіргілердің ешбірі көрген жоқ. Есесіне, Құман аға халыққа нағыз қазақ жігітінің қандай болатынын Төлеген образы арқылы танытты. Замандастары Құман Тастанбековті атақ пен абыройға асқақтап кетпеген, қарапайым қалпынан танбаған жан еді, деп еске алады. Былтыр ғана жетпіс жылдық мерейтойын атап өткен өнер майталманы Кеңсайда мәңгілік мекенін тапты.