Қазақстандық авиақұтқарушыларға әуе техникалары жетіспейді. «Қазәуеқұтқару» компаниясындағы 25 тікұшақ пен 10 ұшақ шұғыл әрекет ету үшін тым аз. Бұл туралы "Астана" арнасының тілшілеріне компанияның бас директоры айтты. Келеңсіздікті жоюдың жалғыз жолы - жеке әуе компанияларымен келісім жасасу, - дейді ол. Әуе құтқарушыларының басында тағы қандай қиындығы бар? Олжас Нұржақыптың бейнематериалында толығырақ.
Тәжірибелі ұшқыш Нұрлан Әбдірасылов МИ-8 тікұшағын тізгіндегеніне 10 шақты жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында талай оқиғаны басымнан өткіздім дейді ол. Тауда адасқан туристерді құтқару, шалғай ауылдардан ауыр халде жатқан науқастарды тасымалдау мен тілсіз өртке қарсы күресу күнделікті тіршілігіне айналған. Әрбір сапарын «міндетім» деп санайтын азамат, ауа-райының қолайсыздығы жұмыстың ырғағын бұзбаса болғаны дейді
Нұржан Әбдірасылов, «Қазәуеқұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағының командирі:
Қатты суыққа түсетін кездер болады. Әрине, тікұшақта жылыту жүйесі бар, әйтсе де оның қуаты кейде жетпей жатады. Қозғалтқыштың күші ең жоғары жылдамдыққа көтерілген кездің өзінде қиындыққа ұшырайсың.
«Қазәуеқұтқару» компаниясының балансында 35 техника бірлігі бар. Яғни 10 ұшақ пен 25 тікұшақ. Техниканың басым бөлігі Қазақстанда құрастырылатын жаңа «Еврокоптерлер».
Елжан Мақашев, «Қазәуеқұтқару» АҚ еврокоптер командирі:
Өздеріңіз көріп тұрғандай, заман талабына сай құрастырылған. Тікұшақ ішінде, тіпті ота жасай беруге болады. Соңғы үлгідегі техникалар да осында.
Заман талабына сай жарақталған техниканың күші басым болғанымен, әлі де тікұшақтар жеткіліксіз дейді, компания директоры Андрей Косолапов. Әр өңірде кезекшілікте бір ғана тікұшақ. Сондықтан көктемгі су тасқыны мен жазда болатын өрт оқиғалары кезінде бірнеше қоңырау түссе, үлгере алмай жататын жағдайлар орын алатын көрінеді.
Андрей Косолапов, «Қазәуеқұтқару» АҚ бас директоры:
Техника жетіспейді. Жеке компаниялардың ұшуға сертификаты болса, және біздің тапсырыс берушілеріміз құптаса ғана, ол мекемелермен келісімге отырып, жұмыс істейміз.
Компания директоры жеке әуе компанияларына қойылатын талаптың жоғары болатынын айтты. Ұшқыштардың тәжірибесі мен тікұшақтың техникалық жайы толық сүзгіден өткізіледі екен. Ал, жаңа тікұшақтардың тиімділігі жұмыс барысында дәлелденді. Бұл әуе кемесінің көмегімен қар басқан шыңдарда қалып қойған альпинистерді де құтқаруға болады. «Қазәуеқұтқару» компаниясы директорының айтуынша, мекеме келер жылы техника құрамын жаңа әуе кемелерімен толықтыруды жоспарлап отыр.
Олжас
НҰРЖАҚЫП