Тағы да қастандық. Алматы облысы Ащысай ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметовті өлтіруге жасалған әрекет екінші рет қайталанып отыр. Осылай деген кәсіпкер бұл жолы көлігіне жарылғыш зат қойылғанын мәлімдеді. Бірақ, оқиғадан өзі емес, жұмысшысы зардап шегіп отыр. Ауруханаға түскен азаматтың халі қалай, ал ащысайлықтарды ұйқыдан айырған оқиғаға қатысты тәртіп сақшылары не дейді? Мәселені Олжас Нұржақып тарқатсын.
Оқиға 13-ші қаңтарда таңғы сағат 10 жарымдар шамасында болған. Жергілікті кәсіпкер қол астындағы жұмысшысына көлігін оталдыра салуын сұрайды. Осы сәтте жарылыс болған.
Нұрлан Ахметов, кәсіпкер:
Менде жұмыс істейтін бір жігіт болған. Соған машинамды оталдыр деп кілтімді бердім. Ол оталдыруға түскен. И сол кезде дөңгелекте жіп тұрғанын көрген. Тартқанында сол жарылған ғой.
Жарақат алған жұмысшы ауруханада. Дәрігерлер оған екі сағатқа созылған операция жасапты.
Аян Шілдебаев, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасы травматология бөлімінің жетекшісі:
1994-ші жылғы Нұржігіт Тұрғынов есімді ер адам ауруханаға түсті. Дереу компьютерлік тексеріс жүргізіліп, ота жасау бөліміне жатқызылды. Наркоз арқылы бет терісінен, ішінен және екі санынан бірнеше металл сынықтарын алдық. Терең етіне енген тағы бірін сол күйі қалдырдық. Алғаш орта деңгеймен түскен науқастың жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық.
Айдың-күннің аманында ащысайлықтарды ұйқыдан айырған жағдайды тәртіп сақшылары қолға алған. Оқиға аумағы қоршауға алынып, саперлер сүзгісінен өткізілді. Қылмыстық іс қозғалған.
Айгерім Көппаева, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:
Аталған дерек бойынша арнайы сараптамалардың тағайындалуымен адам өлтіру әрекетімен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жұмыстары Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасының өндірісінде. Қазіргі кезде полиция қызметкерлерімен күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізілуде.
Олжас Нұржақып, тілші:
Нұрланның
айтуынша, бұл Ахметовтар жанұясына қасақана жасалған алғашқы әрекет емес.
2010-шы жылы інісіне тапаншадан оқ атылса, 2012-ші жылы көлікпен келе жатқан
жерінен өзіне автоматтан оқ жаудырған. Бірақ, екі іс те ашылмапты. Жабулы қазан
қақпағын араға үш жарым жыл салып, енді жарылғыш зат қайта қозғап отыр.
Кәсіпкердің өзі ешкімде кеткен есем жоқ дейді. Ал, ауыл тұрғындарынан маза
қашқан.
Олжас НҰРЖАҚЫП