Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда атыс шығарған екі азамат іздеуге салынды

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2017
  • 3604

Қызылжарда атыс шығарған екі азамат іздеуге салынды. Бүгін құқық қорғау органдары арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, атышулы оқиғаға қатысты жаңа деректерді жария етті. Осыған дейін құрықталған 3 азамат сенбі күні болған атыстың қатысушылары екені белгілі болды. Ал жұма күнгі қақтығыста болған жігіттер әлі бой тасалап жүр, дейді полицейлер. Түнгі клубтан басталған текетірестің арты атысқа ұласып, 19 жасар спортшы жігіт бір аяғынан айырылған еді. Абзал Құрманкин баяндайды.

Абзал Құрманкин, тілші:

Оқиғаның мән-жайын зерттеуге прокурорлар да кірісті. Олардың айтуынша, қос тарап атысқа білек сыбана дайындалған. Себебі жігіттер ұсталған кезде, олардан екі шолақ мылтық пен пневматикалық тапанша тәркіленген. Алайда, олардың неге адам көп шоғырланған жерде кездескені әзірге белгісіз.

Қайрат Қасымбеков, СҚО ІІД тергеу басқармасының басшысы:

Қару-жарақ екі жақта да болған. Жапа шеккен азаматты екі досы облыстық ауруханаға алып келді. Кейін полицейлер ізін суытпай екінші көлікті де анықтады. Олар Петропавлдың «Ойқала» ауданында ұсталды. Құрықталған 3 жігіттің біреуі кәмелет жасына толмаған.

Қазір аталған фактіге қатысты 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды: қару-жарақты сақтау, бұзақылық және өлтіруге қам қылу. Бұның барлығы сенбілік оқиғаның салдары. Ал жұма күні түнгі клубта болған қырғын қатысушылары бірден ізін суытқан. Темірлан Бектас пен Қайрат Аушахманов бүгін ресми түрде іздеуге салынды. Демалыс орнының дәл түбінде болған атысты тоқтатпаған полицейлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізілмек.

Қайрат Қасымбеков,  СҚО ІІД тергеу басқармасының басшысы:

Біз бейнежазбаны тәркілеп, оны қылмыстық іске қостық. Оны басынан аяғына дейін бірнеше рет қарап шықтық. Қазір әлгі жазбадағы полицейлерге қатысты жергілікті полиция басқармасы қызметтік тергеуді бастап кетті. Оның нәтижесін біз әдеттегідей қылмыстық іске қосамыз.

Атыстың кесірінен аяғынан айырылған Ербол Хамитов қазір №1 қалалық ауруханасында ем-дом алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалайды. Ал Ерболдың анасы, медициналық қызметкерлері дер кезінде көмек көрсеткенде, аяғын сақтап қалуға болушы еді, дейді.

Ғалия Алпысбаева, зардап шегушінің анасы:

Мен кеше баламмен сөйлескенде, мен есімді білемін дейді. Скорыйды өте көп тостық дейді. Скорый мында әкелгенше, хирургтар бір-бірімен хабарласқанша, минимум 3-4 сағаттай болып қалды. Сосын ғана оған операция жасалынды. Мүмкін, оған вовремя операция жасағанда, мүмкін, ондай жағдай болмас па еді, мүмкін аяғы да аман-есен қалар ма еді.

Ғалия Алпысбаеваның пайымдауынша, ота тек сағат кешкі 10-11-ге таман ғана басталыпты. Алайда, Ерболдың ауруханаға нешеде түсіп, операцияның уақыты жөнінде ақпаратты жариялаудан ақ халаттылар бас тартып отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ал текетірес кезінде араша болмаған демалыс орнының күзетшілері де тексеріледі. Егер де олардың бейқамдығы дәлелденсе, онда клубтың әкімшілігі жауапқа тартылуы мүмкін.

А.ҚҰРМАНКИН