Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-тың Пенсильвания штатында жауған қардың қалыңдығы 137 сантиметрге жеткен

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2017
  • 2893

АҚШ, Жапония мен Қытай тұрғындары қалың қардан әбігерге түсіп жатыр. Жолдар жабылып, бірнеше ондаған әуе рейстері кейінге шегерілді. Кейбір америкалықтарға мұндай ауа райы ұнайтын сыңайлы. Ал, қытайлықтар болса, қармен бірге қатты аяздың зардабын тартуда. Әлем елдеріндегі табиғаттың тосын мінезі туралы келесі бейнематериалда.

Мына кадрлар Антарктидада түсірілгендей көрінуі мүмкін. Алайда, бұл АҚШ-тың Пенсильвания штаты. Айналдырған екі күн ішінде Эри қаласын қалың қар басып, ақ ұлпаның биіктігі 137 сантимерге жеткен. Бұл 1958-інші жылдан бергі рекордтық көрсеткіш. Билік тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес беріп жатыр. Көптеген америкалықтар қолдарына күрек алып, аулалары мен көліктерін қардан тазартуға кіріскен. Миннесоталықтар мен пенсильваниялықтардың қазіргі жағдайы осындай.

Мен осында туып-өстім. Бірақ мұндай қарды ешқашан көрмеппін. Радиодан тағы қар жауатыны хабарланды. Енді не болатынын білмеймін.

Дегенмен, америка халқы «Табиғатта жаман ауа райы болмайды» деген пікірмен әбден келісетінге ұқсайды. Бірі қарға аунап балаша мәз болса, екіншілері мұздай суға шомылып мәре-сәре. Тіпті шаңғы теуіп жүрген немесе ауаға ыстық су шашып, оның лезде буға айналатын көріп мәз болғандар да көп.

Жапонияның Хоккайдо аралында да осыған ұқсас көрініс. Бір тәулік ішінде жауған қардың қалыңдығы 40 сантиметрге жеткен. Салдарынан жолдарда көлік кептелісі пайда болып жатыр. Жергілікті ақпарат құралдары кем дегенде бір адамның қаза тауып, 14-інің жарақат алғанын хабарлады.

Ал, Қытайдың Шыңжан Ұйғыр автономиялық ауданында қалың жауған қардан бөлек қатты жел тұрып, 34 градус аяз елді қыспаққа алуда. Қолайсыз ауа райынан 4 жолаушылар пойызы тоқтап тұр. Жолдардағы қарды тазалауға 25 мыңдай адам мен 1000-ға тарта техника жұмылдырылған.

Қар мен аяздан Лондондағы Станстед әуежайының ұшу жолағы жабылды. Бірнеше жүздеген адам діттеген жерлеріне жете алмай отыр. Синоптиктер мұндай ауа райының кем дегенде бір аптаға жалғасатынын айтуда.

Табиғаттың тосын мінезі мүлде қыс болмайтын елдерде де байқалды. Мәселен, Филиппин «Тембин» дауылының зардабынан әлі айыға алар емес. 100-ден аса үй қирап, қаза тапқандар саны 200 адамға жеткен.