Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде жол апаттары азайған - ІІМ

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2017
  • 3168

Елімізде өткен жылмен салыстырғанда жол апаттарының саны 5 пайызға азайды. Бұл туралы Орталық коммуникация қызметі алаңында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жол апаттары жағдайының төмендеуі жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарда да байқалып отыр.

Әлібек Кеңіспаев ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

Жол қозғалысының қауіпсіздігі Ішкі істер министрлігінің әрдайым бақылауында. Соңғы жылдары жүргізілген сараптамаларға сәйкес, елде 2014 жылдан бері жол апатының азайғанын байқауға болады. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша жол апаттары 5 пайызға, қаза болғандардың саны 14 пайызға, жарақат алғандардың саны 4,4 пайызға азайды.

Сонымен бірге, биыл күре жолдардың бойында бақылау күшейтілген. «Қауіпсіз жол», «Автокөлік», «Автобус» атты алдын алу шаралары жүргізілді. Қазақстандықтар үшін тағы бір жаңалық, ереже бұзған жүргізушілер үшін кейбір жаза түрлеріне өзгеріс енгізілді. Комитет өкілінің ақпарынша, бұған дейін көлік жолдың қарсы бетіне шығып кеткені үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл төленіп келген. Енді бұл жаза жүргізуші құқығынан бір жылға дейін айыруға алмастырылды. Жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымға дейін асыратындарға айыппұл 5-тен 10 АЕК-ке дейін көтеріледі. Биылғы жылы мас күйінде көлік жүргізген 28 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. 3,2 мыңдай адам әкімшілік жазаға тартылды.