Русский Сайттың толық нұсқасы

«Азық-түлік корпорациясы» диқандардан астық сатып алуды бастады

  • AstanaTV
  • 04 қаңтар 2018
  • 3953

«Азық-түлік корпорациясы» диқандардан астық сатып алуды бастады. Мемлекет бөлген квота аймақтарға әрқилы мөлшерде таратылады. Мәселен, қостанайлық диқандар 650 мың тоннаға жуық дақылын мемлекетке сатуға мүмкіндік алады. Ал Батыс Қазақстан облысының үлесі мардымсыз. Мұны сала мамандары егін алқаптарының аздығымен байланыстырады. Осы тақырыпты аймақтардағы тілшілеріміз зерттеп көрген еді. Алдымен петропавлдық әріптесім Абзал Құрманкин сөз алады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қазақстанның азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қызылжар өңіріндегі 50 элеватордың әзірге тек сегізімен ғана жұмыс істемек. Астық нарығын реттеп отырған корпорация өкілдері диқандардың бас ауруына айналған проблемаларға тоқталды. Былтыр қызылжарлық шаруалар 5,5 миллион тоннадай астық жинаған.

Дегенмен баға көңіл көншітпеді. 3-классты бидай нарықта 33 мың теңгеге саудаланып келген. Бұл шығынды ақтамады, дейді шаруалар. Бұдан былай бидайдың бұл түрі 42 мың теңгеден қабылданады. Жалпы, бидайды қабылдау жүйесі де біраз қатаңдатылған. Бұл Ресейден келген арзан бидайдың жолын кесу мақсатында жасалды, - дейді мекеме өкілі.

Сәбит Қашқымбаев, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" төрағасының орынбасары:

Қазір Ресейде 3-классты бидай 32-33 мың теңгеден сатылып жатыр. Егер ол Қазақстанға импортталса, астық құны біздің бағамен теңеледі. Ал бидай біздің елге заңсыз кірсе, онда мобильді топтар оны қайтарып жібереді. Ондай жағдайлар бірнеше рет болды.

Жалпы, корпорация Қызылжар өңірі бойынша 381 мың тонна бидай қабылдамақ. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" квотаның басым бөлігін Ақмола және Қостанай облыстарына берді. Ендігі сөзді қостанайлық әріптесім Заңғар Санайға беремін. Заңғар.

Иә, Абзал. «Азық-түлік корпорациясы» Солтүстік Қазақстан облысына қарағанда Тобыл өңірінен бидайды екі есе көп сатып алуды жоспарлаған. Аймақ диқандарына 643 мың тонна астыққа квота бөлініп отыр. Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аудандардан ақпар жинап, өткізілетін өнімнің көлемін анықтап жатыр. 

Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылық  басқармасының бас маманы:

Бұл сатып алуды биылғы жылы тек электрондық форматта жүргізеді. Толығымен жеткілікті деп айтуға болады. Қазіргі уақытта біздің ауыл шаруашылық басқармасы аудандық әкімдіктерге, яғни жаңағы 643 мың тонна квотаны бөлу үшін аудандардағы диқандардың қанша тонна астық сататыны туралы ақпараттар жинап жатыр.

Басқарманың ақпарына жүгінсек, вагонның тапшылығына қарамастан, аймақ  диқандары биылғы өнімнің 1 миллион  200 мың тоннасын сырт елдерге саудалаған. Дегенмен, қамбада әлі 4 миллион тоннаға жуық астық жатыр. Корпорация сатып алған соң артылған бидайды шаруалар жергілікті нарыққа немесе  диірмендерге  өткізеді, - дейді басқарма өкілдері. «Азық-түлік корпорациясы» солтүстік облыстармен салыстырғанда батыс жақтан астықты 10 есе аз мөлшерде сатып алғалы отырған көрінеді. Дәнді дақыл алуға бөлінетін квота жайын оралдағы әріптесім Еркін Карин жалғастырады. Еркін, сөз өзіңде.

Еркін Карин тілші:

Иа, Заңғар, биыл облыс диқандары 360 мың тонна астық жинап, қамбаға құйған. Басым бөлігі өңірдің өз қажеттілігіне жұмсалады. Қазір астықтың тоннасы 38-40 мың теңгеден бағалануда. Шаруалар бұл арзан дейді. Ал, көрші Ресейдегі баға бұдан да төмен. Сондықтан астық саудасындағы заңсыздықтарға жол бермеу үшін, тиісті шаралар қолға алынған. Өйткені сырттан әкелінген арзан астықтың қымбатқа сатылуына жол берілмеуі тиіс.

Кеңес Қайдашев, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы астық инспекциясының бөлім бастығы:

Астықтың тапсырылуын қадағалау үшін облыс әкімдігімен арнайы комиссия құрылды. Сырттан астықтың заңсыз тасымалданбауын бақылайтын штаб жұмыс істейді. Ресейде баға біздегімен салыстырғанда 10-15 мың теңгеге арзан. Осыны пайдаланып, олжалы болуға тырысқандар да бар.

Дегенмен квота берілген 15 мың тонна арпаның әзірге 5 мыңы ғана тапсырылыпты. Былтыр Батыс Қазақстан облысы 20 мың тонна астықты Иран, Тәжікстан, Әзірбайжан мен Грузия елдеріне экспорттаған. 

Еркін Карин, тілші:

Мамандар сөзінше, өңірде егіс алқабы жыл сайын ұлғайып келеді. Дегенмен бидайдан гөрі арпа тұқымдастарына баса мән беріліп отыр. Мамандар мұны өңірдің мал шаруашылығына ден қойғандығымен түсіндіреді.