Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік желіні дүр сілкінткен уағыз

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2018
  • 6744

"Әйелді сабауға болады". Осылай деген Нұр-Мүбәрәк университетінің оқытушысы әрі  докторанты Ризабек Батталұлының сөздері әлеуметтік желіні дүр сілкінтті. Интернет қолданушыларының көпшілігі бұған қатысты наразылық білдіріп жатыр. Ал діни басқарма өкілі бұл уағыз 2 жыл бұрын айтылған дейді. Және оны таратқан азаматтың артық кеткенін де растап отыр. Айгүл Әдепбай  жалғастырады. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

«Əйелді сабауға болады, бірақ өлтіріп алмайтындай ұру керек». Ризабек Батталұлының мешітте айтқан уағызы әлеуметтік желіні біраз шулатты. Ол өз сөзінде ашықтан ашық әйелдерді ұруға шақырады. 

Уағызды желіге Нұрлан Ризуанов есімді қолданушы салған. Видеоның ұзақтығы 8 минуттай. Сол аралықта ол "әйелдерді ұрыңдар" дегенді бірнеше мәрте қайталайды. 

Бадридухунна - ұрыңдар дейді. Ұрыңдар дейді. Енді бұл жердегі нәрсе шариғатта рұқсат етілген нәрсе. Жарақаттап, дене мүшесінің бір жерін сындырып алмайтын деңгейде.

Бұл уағыз әлеуметтік желіде отырғандардың көпшілігінің ашуын туғызды. Қарсылық білдіргендер көп.

Бастау Қайнар:  Дүмше молда дін бұзар. Мынаның ішінде жын бар-ау, кіжінгеніне қарағанда, көзі қайтеді?!!

Amirova Ainagul:  Өзін молдаға қарату керек десеңізші.

Zhanna Tazhibai: Өзі не болса соған еріп кететін жастарға мынау не көкіп отыр. Осындай адамдарды неге дінге жібереді екен?

Гүлбарам Әбдіқалықова: Хадис шәрифте: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер! Олар Аллаһ тағаланың сендерге берген аманаты. Оларға жылы мәміледе болыңдар, жақсылық жасаңдар!» делінген. (Мүслим)

Ризабек Батталұлының өзінен сұхбат алу мүмкін болмады. Кіші қажылыққа аттанып кетіпті. Ал Нұр-Мүбәрак университетінің проректоры оның оқытушы болып жұмыс  істейтінін, әрі докторантурада оқып жүргенін айтты. "Оқытушы әрі докторант азамат мешітте уағыз айта ала ма?" деген сұрақпен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жүгіндік. Ондағылар бұл уағыздан хабардар болып шықты. 

Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі:

Ризабек Батталұлы біздің ақпарат насихат тобында жұмыс істеген. Қазіргі таңда жаңа тізім бойынша алынып тасталды. Осындай мәселелерге қатысты оған ескерту берілді. Ол өзі мойындап отыр. Асығыста ол жерде үкім ретінде беріліп кеткендігін. Бұл екі жыл бұрын болған. Алматы өңірінде.

Дін қызметкері исламда әйеліңді ұрып соқ деген жоқ, керісінше, оған аманат ретінде қарау керектігі айтылған деді.

Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі:

Пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисінде айтады: сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар дейді. Тіпті пайғамбарымыз үйіне келгенде күлімсіреп кіретін болған. Яғни әйеліне, бала-шағасына қандай жылы мінез көрсету керектігі айтылған.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Осылайша, екі жыл бұрын асығыс айтылған уағыз ғаламтор қолданушыларын бір сілкінтті. Әлдекімдердің қолына түсіп, желіге тарап кеткен көрінеді. Діни басқарма ютубтан алдырып тастаймыз деп сендірді. Умрадан келген соң Ризабек Батталұлы біраз сұрақтарға жауап береді деді. Айта кетерлігі, діни басқарма болашақта түрлі уағыздар айтылмас үшін, барлық уағыздарды бір ізге түсірмек.