Астанада
жаңа жыл қарсаңында көтергіші құлаған үйді тұрғын үй инспекциясы тексермеген.
Кондоминиум нысанын басқарушы мекеме лифтлерді инспекцияның есебіне қоймаған
көрінеді. Есіл ауданы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы осылай деді.
Еске
салайық, 31-ші желтоқсанда Тәуелсіздік даңғылындағы көп қабатты үйде лифт құлап
кетті. Зардап шеккендер бар. Айгүл Әдепбай жаңа жыл қарсаңында ажалдан аман
қалған тұрғындармен кездесіп қайтты.
Мына видеоны лифт құлаған соң іле-шала есін жиған Алмат Наханов түсірген. Жарты сағаттай қараңғы кабинада тұрған оларды құтқарушылардың алып шығып жатқан сәті. Осыдан соң Алмат көтергішке мінбестей болған.
Алмат Наханов, зардап шегуші:
Шаңнан көрінбеді. Көршілер шығып есікті 5 см ашып, таза ауа келгенен кейін кішкене демала бастап, сосын скорый шақыртты.
Жаңа жыл алдында немерелерін ойнатуға шыққан Ұлжан әже 2018 жылды балдақпен қарсы аламын деп ойламаса керек. Аяғы сынып, ауруханадан бір ақ шығады. Бүгінде тірі қалғанына тәубе деп отыр.
Ұлжан Әбдіхалыққызы, зардап шегуші:
Құдай сақтасын. 65-ке келдім, мынадай сұмдықты көрген жоқпын. Ойласам, шошимын.
Ұлжан апа 7-ші қабатқа қызымен және үш немересін бірге көтеріліп бара жатқан. Тағы 3 ересек адам мінген. Барлығы 8 адам, ал лифтнің сыйымдылығы 13 адамға дейін. Бірақ үшінші қабатқа жеткенде арқан үзіліп кеткен. Көтергіш жертөлеге гүрс еткенде ішіндегі әйнек шынысы күл талқан болған. Шыны жарықшақтарынан жарақат алғандар да бар.
Хорошо, что мы в куртках были. Вот у меня штаны тоже порвались.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Дәл жаңа жыл қарсаңында гүрс етіп құлап тұрғындардың зәре-құтын қашырған лифт әлі тоқтап тұр. Қашан іске қосылатынын пәтер иелері кооперативінің басшысы да айта алмайды. Сараптама әлі дайын емес көрінеді. 5 бірдей тростың не себепті үзіліп кеткені белгісіз.
Өткен жылы мамырда тұрғын үй инспекциясы кондоминиум басшысына ескерту берген. Көтергішті есепке алу үшін. Яғни жауаптылар лифт тұрғын үй инспекциясында тіркеуде болмағанын айтады.
Ернар Қиябаев, Астана қаласы Есіл ауданы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы:
Жеке кәсіпкер «Тоқабаев» ескертуді елемей, тиісті шараларды жүргізбеді. Бұл лифтлер өнеркәсіптік қауіпсіздік мекемесінің есебінде тұрды. Бірақ үйді басқарушы орган көтергіштерді есептен алып, тұрғын үй инспекциясына есепке қою керек еді. Алайда оны жасаған жоқ. Сол кезде техникалық тексерістер жүргізілуі тиіс болатын.
Үйдің күтіміне жауапты мекеме басшысы Тоқабаев мырза лифтер жаңа, барлық тексерістен өткен дейді. Бар жауапкершілікті лифтерге қызмет көрсететін компанияға аударды. Айтуынша, үй 2013 жылы қолданысқа берілген.
Әбдіқадір Тоқабаев, кондоминиум нысанын басқару мекемесінің бастығы:
Лифт компаниясы жауап беру керек қой енді. Мен олармен келісімге отырғанмын. Қызмет жасау үшін. -Сіз жауап бермейсіз? -Мен оған, лифтовая компания өзі жауап береді ғой. КСК жауап бермей ме? -Енді мен осы қызметті жасағаннан кейін, мен енді сол бірге қызмет жасаймыз ғой енді. -Қалай 5 трос бірдей үзілген? -Соны білмей тұрмыз ғой енді. Соны экспертизаға тапсырды. Қорытындысы шығады. Қазір мен айта алмаймын.
Ал көтергіштерге қызмет көрсететін сервистік компания өкілі сұхбат беруден бас тартты. Сараптама жасаумен басы қатып жүргенін айтты.
Жалпы өткен жылы Астана бойынша 500-ден астам лифт тексерістен өткен. Әбден тозығы жеткен 96 лифт ауыстырылып, апатты жағдайдағы 23 көтергіш жаңартылған. Ал құлаған лифт ол кезде тізімге енбей қалған.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ