Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа мәжілісмендер ант беріп, жылы креслоларына отырды

  • AstanaTV
  • 25 наурыз 2016
  • 1927

Бүгін жаңадан жасақталған Парламенттің VI шақырылымы алғашқы сессиясын ашты. Қос палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс депутаттары Қазақстан халқы мен ел  Президенті алдында салтанатты түрде ант берді.. Сөйтіп «Нұр Отан» партиясынан сайланған 84 депутат, «Ақ жол» мен коммунистер партияларының 14 депутаты мен Ассамблеядан сайланған 9 адам депутаттық міндеттеріне кірісіп кетті. Елбасының депутаттық корпусқа жүктеген міндеттерін Айгүл Әдепбай тарқатады.

Су жаңа депутаттар елге адал қызмет етеміз деп ант берді. Қобалжығаны болар, халық қалаулыларының ішінде мінберді шатастырып, Президентке қарай бет алғандары да болды. 

Сонымен жаңа құрамдағы Мәжілістің 43 депутаты бесінші шақырылымда тер төккендер. Олар - «Нұр Отан» партиясынан 33, «Ақ жол» демократиялық партиясынан үшеу, коммунистерден төртеу және Ассамблеядан 3 депутат. Қалған 64 мәжілісмен - заң шығарушы органға тұңғыш келгендер. Арасында машинистің көмекшісі болып істеген жұмысшы таптың өкілі де бар. Ол да толқып жүр.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Әрине, толқу бар. Мен ойлаймын, депутат деген, барлығы айтатындай, шенеунік емес, Ол - халықтың өкілі. Өйткені біз халықтың мұң-мұқтажын көрсетеміз. Депутат болу - жауапты іс. 

Ал Президент Парламенттің рөлі мен жауапкершілігі арта түсетінін айтып, жаңа құрамға сенім білдірді. Және алтыншы шақырылымдағы мәжілістің заң шығару жұмысына қатысты бірқатар міндеттерін нақтылады. Біріншіден, барлық қаржы үдерістерінің жариялылығын қамтамасыз ететін бірыңғай Салық және кеден кодексін қабылдау керек. Екіншіден, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті қабылдау арқылы саладағы қатынастарды реттейтін нормаларды бір заңда шоғырландыру керек. Үшіншіден, қолданыстағы электр энергетикасы мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бұл энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру үшін керек. Төртіншіден, монополияға қарсы саланы реформалаудың екінші кезеңі аясында бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Яғни мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға беру бойынша заңнаманы жаңғырту кезек күттірмейді. Бесіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару органдары бойынша заңнамалық актілерді жетілдіру қажет. Елбасы "кім жақсы жұмыс істесе, соның мол жалақы алатынын" мықтап ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бес институционалдық реформа бойынша атқарылған жұмыстар туралы әр комиссияны жеке тыңдайтын боламын. Мен шенеуніктердің кейбір нәрселерді тағы да «тежегілері» келетіндігін сезінемін. Біз белгілеген «100 нақты қадамнан» ештеңе де түзетілмеуі қажет, жергілікті жерлердегі қандай да бір шенеуніктердің пайдасы үшін түзетілмеуі тиіс. Жауапты тұлғаларға тағы бір мәрте ескертемін.

Президент білім беру саласына да тоқталып, зияткерлік мектептердегі жүйені өзге де білім ошақтарына енгізуді тапсырды. Нұрсұлтан Нарабаевтың айтуынша, зияткерлік мектептерде апробациядан сәтті өткен тәжірибе ел көлемінде 3-4 жылда енгізілуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылдан бастап кезең-кезеңмен үш тілді оқу жүйесін енгіземіз. 2020 жылы 12 жылдық білім беруге толық көшеміз. Оқушылардың жаңа толқынына цифралық әлемде оқып, жұмыс істеп, өмір сүруге тура келеді. Сондықтан мектептерді ақпараттандыруды жалғастыру керек. 2500 мектеп қазір интернетке қосылған, 1500 мектепті қосу үшін қосымша ақша бөлінді. Үкіметке әкімдіктермен бірге барлық мектептерді ғаламдық желінің үздіксіз жұмысымен қамтуды тапсырамын. Бес күндік білім беру тәжірибесін енгізу керек. Білім және ғылым министрлігі, тым болмаса, бастауыш мектептерден бастасын. Және балаларға салмақ түсіретін пәндерді біріктіріп немесе біржола алып тастау керек. Осы мәселені зерделеуді тапсырамын.

Соңғы уақыта жүргізілген жаңа реформалардың арқасында командалық көші-қон айтарлықтай тыйылған. Елбасы мұны айрықша атап өтті. 2015 жылы 1722 шенеунік ауысса, биыл бұл көрсеткіш 90 адамға дейін қысқарыпты. Президент сонымен қатар Мәжіліс пен Сенаттың заңнамалық жұмысты тығыз қарым-қатынаста жүргізетініне сенім білдірді. Ант берген су жаңа депутаттарды, жалпы Парламентті, алда күрделі әрі жауапкершілігі мол міндеттер күтіп тұрғанын ескертті. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ