Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл оқу жүйесінің жаңартылған нұсқасына көшкен ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артады

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2018
  • 3972

Білім беру жүйесінің жаңартылған нұсқасына көшкен ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артады. Бұл жайында Елбасы халыққа арнаған жолдауында айтты. Сондай-ақ, биылдан бастап мұғалімдердің біліктілік деңгейі өзгеше жүйемен есептелмек. Президент осы ретте жаңа кесте енгізуді міндеттеді. Әлеуметтік бағытты дамыту үшін биыл республикалық бюджеттен қосымша 67 миллиард теңге қарастырылады. Білім беру жүйесіндегі өзге де жаңашылдықтар туралы аймақтағы тілшілеріміз айтуға дайын. Алдымен қызылжарлық әріптесім Абзал Құрманкин сөз алады.

"Адами капиталды жаңғырту үшін білімді жастарды қалыптастырған жөн". Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында ЖОО педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамытуды міндеттеді. Себебі ғылымға деген құштарлықты білікті ұстаздар ғана оята алады.  Петропавлдағы Қозыбаев атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетінде 900-дей жас білім алып жатыр. Заман талабына сай студенттер жаңартылған білім беру жүйесін меңгеруде. Болашақта 3 тілде оқыту әдістемесін енгізу жоспарда бар.

Амангелді Иманов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ филология факультетінің деканы:

Мұғалімдер кез келген тілде сабақ беруге мүмкіндік алады. Жалпы, студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. 90 пайыздан асады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда көп.

Елбасы мұғалімдердің мәртебесін арттыруды алға қойған. Сала білікті мамандарға мұқтаж. Жалақыны арттыру - маңызды қадамның бірі. Жоғары оқу орнының студенттері жолдау жүктеген міндеттің арқасында білім беру саласы бәсекеге қабілетті болады деген сенімде

Әділ Бейсембаев, студент:

Соңғы жылдары түлектер педагогикалық мамандықтарға ынта білдірмейді. Себебі бұл мамандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті емес. Елбасының осыған назар аударғаны аса қуантады. Мұғалімдердің мәртебесі өссе, білімге оң әсер етеді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ұстаздар мәртебесі мен еңбекақысының артуы қашанда басты назарда болмақ. Ал біліктілікті көтерудің де маңызы зор. Білім саласын жаңғырту бойынша тың ақпараттармен қызылордалық әріптестім Шарипа Сақтапова бөлісуге дайын. Шарипа сөз сізде.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Иа, Абзал. Заман талабына сай жаңа формация мұғалімі болу үшін, алдымен біліктілікті көтеру, ғылыми және шығармашылық жобалармен айналысу маңызды. Осы орайда былтыр Қызылорда облысында сегіз мыңға жуық маман арнайы курстардан өтті.

Дариға Мұнарбаева, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

Өзінің практикасында қандай проблемалар туындады, оны қалай шешу керек, соған мұғалім өзінің тәжірибесін зерттеп, өзінің жақсартатын тұстарын тауып, соны жақсартып жатады. Мұғалім, қазіргі заманның талабы, ол өзінің практикасының зерттеушісі болуы керек.

Қызылордалық мұғалімдер жаңартылған білім мазмұны бағдарламасын менгеруде. Сегіз жүздей маман ағылшын тілін үйренуге көшкен. Химия, физика, биология, информатика пәндері бойынша сабақты халықаралық тілде өтуге дайын мамандар баршылық. 

Нағиша Есбосын, дарынды балаларға арналған лицей мұғалімі:

30 жылдан аса өзімнің еңбек өтілім болатын болса, бәрі бір де жаңару, жаңғыру. Тіл менгеру, технологиялар, компьютер. Қәзір әлемдік деңгейдегі білімді білу үшін, мен өзім неше жасқа келе берсін, мейлі, мұғалім ағылшын тілін игеру керек.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Тағы бір жаңалық - колледждердің арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға біртіндеп көшуі. Қазір кәсіби білім беретін үш оқу орны жеті пәнді ағылшынша оқытып жатыр. Ал білім берудің озық тұстары батыста қалай екен, кезекті оралдық әріптесім Еркін Каринге беремін. 

Еркін Карин, тілші:

Иа, Шәрипа, оралдықтар да Елбасы жолдауында білім саласына айрықша көңіл бөлінгеніне қуанышты. Он бағыттың бірі білім саласын қамтиды. Шаһардағы университеттердің бірі министрліктің «Ғылым» қорынан 230 миллион теңге грант ұтып алған. Бұл қаржыға заман талабына сай коворкинг орталығы ашылады. Мұнда ғалымдар мен студенттердің жұмысы жеңілдетіліп, жаңа деңгейге көтерілмек.

Жұматай Оразбаев, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық университетінің ректоры:

Ақылды жұмыс орындары, оның ішінде мұғалімдердің орындары бар, ситуациялық-аналитикалық орталық ашу жоспарда бар. Бәрі цифрландырылады. Электронды журнал болады. Студенттің 1-курстан бастап алған бағасы бәрі электронды жүйеде болады. Оны сырттан да қарауға болады.

Жоғары оқу орындарының шетелдегі беделді университеттермен, ғылыми орталықтармен, бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылған. Осы ретте шетелдік оқу орнымен байланыс орнатқан оралдық студенттер түрлі роботтарды құрастыруды меңгерген. Құлтемірдің бастапқы бағдарламасын өзгертіп, небір күрделі қимылдарды үйретіпті.

Сергей Офицеров, конструкторлық бюро жетекшісі:

Таңдаулы гаджеттер мен құрылғыларды студенттердің өздері жетілдіріп, бағдарламасын қайта жазады. Студенттерді 1-курстан бастап осылай іріктейміз. Олар құр дәріс тыңдаумен шектелмей, техникамен тығыз танысады. Конструкторлық бюро олар үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Еркін Карин, тілші:

Бұған дейін өнертапқыштар қолдан көлік құрастырып, күн сәулесінің қуатымен жүретін техника да жасаған еді. Бірақ бұл көліктерге сұраныс жоқ, әрі өндірістік көлемде шығару мүмкін емес. Өйткені қайта жабдықтау құны қымбатқа шығады. Бірақ өзге елдегі әріптестер қызығушылық танытса, сұранысқа ие болары анық, дейді ғалымдар.

Еркін КАРИН Абзал ҚҰРМАНКИН Шарипа САКТАПОВА