Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Президент Жолдауындағы басымдықтардың жүзеге асырылу барысын көрді

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2018
  • 2809

Президент Жолдауындағы айтылған басымдықтардың жүзеге асырылуын көру. Аймақтағы оңды өзгерістермен танысу. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысындағы бірқатар нысандарды аралады. Өндіріс орындарының тіршілігімен танысып, Қарасай ауданындағы мемориалды кешенге ат басын бұрды. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған «Батыр бабалар» кешені сақ дәуірінен бастап тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына дейінгі кезеңді қамтиды. Маңызды нысанда атақты хандар мен билердің, батырлардың портреттік галереясы ілінген. 41 экспонат пен фотоматериалдар жинағы бар кешен тамыры терең тарихтан сыр шертеді. Ал Елбасының туған жерінде орын тепкен «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Президенттің қызметіне, еліміздің қалыптасуы мен дамуына арналған материалдар бар. Партия төрағасының бірінші орынбасары көне суреттер мен құнды жәдігерлер қойылған орталыққа жоғары баға берді. Кейінгі ұрпаққа керемет мұра болып қалатынын айтты. Жұмыс сапары «Алматы өнімдері» нысанында жалғасты. Елбасы Жолдауындағы "төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" бағытына сай, зауытта шикізатты дайын өнім күйіне жеткізу ісі жолға қойылған.

Бану Жаулыбаева, «A Product» ЖШС сапа бөлімінің бастығы:

Осы «Алматы продукт» фирмасында біздер 150-ден астам кондитер өнімдерін шығарамыз. Олардың сапасын лаборатория қатаң бақылап отырады. Келген шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін қадағалап отырамыз. Осындай Елбасының бағдарламасының арқасында ауылдық жерлерде ірі кәсіпорындар ашылуда.

200 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағы жылына 13 мың тонна дайын өнім өндіруге қауқарлы. Оның ішінде кәмпит, күлше мен жеңіл тағамдар, құрғақ таңғы астар бар. Осы орайда, Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздің астық өнімдерін өсіріп қана қоймай дайын өнімдерді өндіретін кәсіпорындарды көптеп ашу қажеттігіне айрықша тоқталды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Дайын астықтарды экспортқа шығармауымыз керек. Оны осы заманғы технологияға сай өңдеп, астық өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбірек ашуымыз керек. Дәл біз тұрған кәсіпорын Қазақстанның өз ішіндегі облыстарға ғана емес, сондай-ақ, Ресейдің 13 қаласына, Германияға, бүкіл Орталық Азиядағы елдерге, Қытайға және Белоруссияға өнімдерін шығарып отыр.

Жаңа технологиялардың мүмкіндігіне иек артқан тағы бір нысан - шыны зауыты. Партия Төрағасының бірінші орынбасары 450 адамды жұмыс орнымен қамтып отырған зауыттың бүгінгі тынысымен танысты. Заман талабына сай құрылғымен жарақталған кәсіпорынның республикада баламасы жоқ. Бес бірдей технологиялық машина желісі жұмыс істейді. Нәтижесінде, шыны ыдыстардың бірнеше түрін дайындауға мүмкіндік бар. Қуаттылығы жылына 120 миллион дана шыны бөтелке. Еңбек ұжымдарымен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед, сапар соңында, Елбасы жолдауындағы өнеркәсіптік революция, яғни соңғы үлгідегі технологияларды пайдалану - заман талабы, болашақтың кепілі, әлемдік өзгерістерге бастайтын маңызды қадам екендігін түсіндірді.

Олжас Нұржақып