Теңгенің әлсіреуіне алыпсатарлардың ықпалы болды. Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова осындай пікірде. Оның сөзінше, мұның барлығы уақытша құбылыс, ал төл теңге құлдырап, доллар бағамы 400-ге барады деген мүлде қисынсыз.
Үміт Шаяхметова, «Қазақстан Халық Банкінің» басқарма төрайымы:
Өздеріңіз көргендей, Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне ешбір негіз жоқ екені жайлы ресми мәлімдеді. Бұл мұнай құнына, сондай-ақ рубль мен доллар курсына тікелей қатысты. Мен мұны алыпсатарлардың ісі дер едім. Бүгінгі биржада теңгенің нығайғанын көрдік.
Шаяхметованың пайымынша, нарық қатысушылары теңгенің еркін айналымға жіберілуінен кейін болған қиыншылықтарға бейімделіп үлгерді. Ұлттық банктің жаңа ақша несие саясатына да бой үйренді. Сондықтан теңге бағамын бірізділікке түсіру аса қолайлы шешім емес, әрі мемлекет үшін тиімсіз дейді. Халық банкінің жетекшісі Қазкоммерцбанкке қатысты жағдайды да түсіндіріп өтті.
Үміт Шаяхметова, «Қазақстан Халық Банкінің» басқарма төрайымы:
"Қазком" өз брендінің аясында қала бермек. Яғни өз алдына заңды тұлға ретінде жұмысын жалғастырады. Ал жаңа атауына келсек, «Q» қарпіне қатысты шешімін таппаған аз-кем тұстар бар, сондықтан кей бөлімшелер атауы әзірге бұрынғыша Қазкомерцбанк күйінде қала тұрады. Жалпы банк жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Рейтингі жаман емес, қаржылық ахуалы тұрақты.