Русский Сайттың толық нұсқасы

«Домалап кеткен алманы» тапқан бағбан Патрик. Қазақша сөйлейтін америкалық азамат туралы.

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2018
  • 5377

Биылғы Жолдаудан: Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді... Сондай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Ал негізі, қазақ тілін үйренуге ниет жеткілікті екенін Патрик те дәлелдеді. АҚШ азаматы Патрик Брэди 18 жылдан бері біздің елімізде тұрады. Алматы облысында алма өсіреді. Фермерлерге кеңес береді. Отбасы мүшелерінің есімдерін қазақшалап алған. Мысалы, өзін жетінші баламын, тиісінше, Жетібаймын – деп таныстырады. Орысша сөйлеу қиын дейді, қазақшасы тәп-тәуір. Патрик жайлы, оның байқағандары, пайымын Олжас Нұржақып әңгімелеп береді. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Патрик Брэди ең алғаш Қазақстанға 1998-ші жылы аяқ басқан. Ал, 2000-ші жылы түбегейлі қоныс аударады. Содан бері міне, 18 жыл өтті, елімізде бағбаншылық кәсіптің көркеюуіне күш салып келеді.

- Ассалаумағалейкум!

- Уағалейкумассалам! Үйге кір!

- Қош келдіңіздер! Кіріңіздер!

Бірден отбасымен таныстырудан бастаған Патрик қазақи қонақжайлылықпен төрін ұсынды. Бүгінде оның үш баласы бар. Бір ұл, екі қыз. Дүниеге шет жерде келді демесеңіз, бәрі де Қазақстанда өмір сүріп келеді. Қазақстанға Стэнли есімді танысы шақырады. Бағбаншылыққа бала кезден әуес ол, бірден келісіп, бірақ жалғыз келуге жүрегі дауаламайды. Сондықтан сүйгені Линимен үйленіп, қол ұстаса қашықтағы елге сапарға шығады. 

Патрик Брэди, Қазақстанда тұратын АҚШ азаматы:

1998-ші жылы басында бір айға келдік. Тексеру үшін, бізге дұрыс келеді ме. Но біз білеміз ол кезде Қазақстанда қиын жағдай болды. Дей тұрғанымен бізге жақсы болды. Мүмкіндік бар. Алма ағашын өсіруге мүмкіндік бар.

Осылайша, бір айлық бақылаудан кейін, Вашингтонға қайта оралған олар екі жыл бойы бау-бақша өсіру әдісін терең меңгереді. 2000-шы жылы елімізде алма өсірмекке, жергілікті бағбандарға ақыл-кеңес бермекке ниеттеніп, түбегейлі көшіп келеді. Содан бері 18 жылдың жүзі болды, өңір кәсіпкерлерінің кеңесшісіне айналған.

Патрик Брэди, Қазақстанда тұратын АҚШ азаматы:

Басында 8 жыл Шелек жақта Байсейіт деген ауылда тұрдық. Кейін 8 жыл аудан орталығы Есікте тұрдық. Не үшін? Түргенге жақын. Өте көп бау бақша бар. Сол жұмыс үшін сол жерде 8 жыл тұрдық.

Қазақстанға келісімен бақша өсірудің қыр-сырын жергілікті тұрғындарға түсіндіре бастады. Ағаштарды бұтау, химикат себу сынды. Алғашында бәрі бұтауға қарсы болды дейді, Патрик. Бірақ, уақыт өте жұмыс жемісін байқап, көқарас та өзгерген. Сол сәттен бастап өз командасын құрған америкалық бағбандық іске белсенді араласа бастайды. Қазір оның кеңесіне, жұмыс күшіне жүгінетін жан көп.

Патрик Брэди, Қазақстанда тұратын АҚШ азаматы:

Жас болғанда кесу керек тәрбиелеу қажет деп. Бала сияқты, бала жас болғанда тәртіп, дисциплина болмаса қандай бала болады. Тәртіпсіз бала болады. Ағаш сол сияқты. Қазақстанда қалай, басында көп көшет егеді. Но бұтау жоқ, тәрбиелеу жоқ. Сол үшін жабайы сияқты өседі. Содан кейін бірнеше жыл өтісімен «ой, не стейміз» дейді, жөндеу қиын оларды. Оңайырақ, басында жақсы кесу керек.

Шынымен де, Патрик әр ағашқа адам баласына қарағандай қарайды. Сүйіп істейтін істен болса керек, жас көшеттерді бала секілді баптайды. Артығын кесудің неге қажеттігін жанындағыларға түсіндіруден жалыққан емес. Себебі бұтау жеміс алудың ең басты қағидасы, дейді. Күн сәулесі ағаштың әр бұрышына түссе, нәтиже жақсы болады. Бастысы, шыдамдылық танытсаңыз болғаны.

Патрик Брэди, Қазақстанда тұратын АҚШ азаматы:

Мүмкіндік көп, потенциал көп Қазақстанда. Бірақ көп адам асығып бау-бақша егеді. Басында әрқашан айтамын «асығыс шайтанның ісі». Асықпау керек. Бірінші жоспар. Содан кейін аз-аздан бастау керек. Көп адам бірден жүз гектар егемін дейді. Ол дұрыс емес. Қазақстан алма үшін өте жақсы. Климат, топырақ жақсы, сорттар жақсы. Но білетін адамдар қазір жетпей жатыр бірден жүз гектар егу үшін. Қағазда жоспар оңай, жазу оңай.

Қазақстандағы 18 жыл ішінде Патрик 30-ға жуық шәкірт те тәрбиелеп үлгерген. Соның бірі Нуриддин Османов. Алғаш, америка азаматының қол астында күзетші болып бастаған ол, бүгінде ең тәжірибелі мамандардың біріне айналған.

Нуриддин Османов, Патрик Бреди шәкірті:

Қазір 12 жыл болды менің жұмыс істеп жатқаныма. Қазір мен балаларды оқытамын, үйретемін. Сабақ өтемін. Январьда біз тек обрезканы үйретеміз. Түске дейін оқытамын, түстен кейін практика. Ал, февральде басқа. Шыбықтарды қалай біріктіру, таңдап алу дегендей. Бәрін уақыт уақытында үйретеміз.

Патриктің жұмысы жыл бойы тоқтамайды. Қараша айынан жеміс ағаштары бүршік атқан мезгілге дейін бұтау, ретке келтіру жұмыстары жүргізілсе, мұнан кейін дәрілеу, зиянкестерді улау одан әрі жемісті қалай жинау сынды істерге ұласады. Жеміс жинаудың да өз ережесі бар көрінеді. Бізге сол тәжірибенің бір түрін көрсетті.

 Патрик Брэди, Қазақстанда тұратын АҚШ азаматы:

Қағазбен иод аламыз, саламыз. Таблицаны аламыз. Осындай, қара болса крахмал. Реакция болады иодпен. Ақ сары болса қант. Біз білеміз басында алма ағашта болғанда көп крахмал бар. Онан кейін піскенде өзгереді. 1 минут күтеміз. Кейін графикаға қараймыз да біле аламыз. Жинау керек пе, күту керек пе. Қашан жинау керек, мына арада жинау керек. алты, қазір қаңтар айы, сентябрь шыққан алмада крахмал қалған жоқ. Бұл жол арқылы бағбандарға көрсетеміз.

Патрикке үйдегі келіншегі де көмектеседі. Лини, Қазақстандағы алғашқы жылдарын әлі есінен шығара қоймапты. Өйткені, тропикалық аралда туып өскен ол, мемлекетімізге қыс мезгілінде келген екен. Уақыт өте ауа-райына үйренісіп, қазақ тілін де меңгеруді қолға алған.

Лини Брэди, Патрик Брэдидің жұбайы:

Қазақстан маған ұнайды. Қазақша үйреніп жатырмын. Орыс тілін ажырата білемін. Өзім мұғалім. Ағылшын тілін үйретемін. Үйде мен баламызды үйретемін. Қазақстан өте жақсы маған. Маған ұнайды.

Ал, Патриктің өзі қазақ тілін 2 жылда үйреніп шыққан. Тіпті, есімдерін де қазақшалап айтады. Өзін жетінші бала болғандықтан Жетібай деп атаса, жұбайын Лейла, ұлын Ақжол деп таныстырады.

Патрик Брэди, Қазақстанда тұратын АҚШ азаматы:

Біз тек қана бір ат емес, әр баламызға үш ат бердік. Ағылшынша, бір ат әйелімнің тілімен «нюэйша» және үшінші ат қазақша. Бірінші қызымыз Азияда тұрамыз деп Әсия атын қойдық. Екінші қызым Аманат, маған мағынасы ұнайды «тапсыру керек, қарау керек» деп. Балаларым үшін өте жақсы. Олар басқа тіл үйрену керек деп, тамақ басқаша. Колифорнияда «бесбармақ» жоқ. Сол үшін Қазақстан біз үшін өте қызық.

Бала күнгі арман, осылайша, басқа елде бағытын тауып, биікке бастап келеді. Жергілікті жұртқа бау-бақша өсіруде жол сілтеу ғана емес, Жетібайдың ендігі жоспары - білімін жетілдіруден жалықпайтын жақсы мамандар дайындау. Қазақстандағы бағбандық кәсіптің дамуына үлес қосу. Сол үшін салған сүрлеуде талмай еңбек етіп те келеді. Бастысы, «ұлтым, қаным бөлек болса да, жаным қазақ» дейді, Патрик Брэди.  

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».