Русский Сайттың толық нұсқасы

Владимир Путин: КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын - білгір саясаткер

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2018
  • 4326

Корей Халықтық Демократиялық Республикасының көшбасшысы Ким Чен Ын - ядролық қару мен баллистикалық зымырандарға қол жеткізе алған білгір саясаткер. Корей түбегіндегі жағдайға баға берген Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея басшысын осылай деп бағалады. Оның айтуынша, Ким Чен Ын қойған мақсатына жетті. Ал денуклеаризацияға қол жеткізуге болады. Ол үшін Солтүстік Корей халқы мен өзге де қатысушылардың ядролық қарусыз-ақ бейбітшілікте өмір сүре алатындары кепілдендірілуі қажет, -деді Путин. 

Владимир Путин, РФ президенті:

Менің ойымша, Ким Чен Ын мырза бұл кезеңде жеңіске жетті. Ол өзінің стратегиялық тапсырмасын орындады. Қолында ядролық қаруы, глобальды қашықтыққа жететін, яғни 13 мың шақырымнан асатын зымыраны бар. Олар қарсылас бар деген жер бетінің кез келген нүктесіне жете алады. Енді жағдайды тұрақтандыруға ниетті. Ол өте сауатты және кемеліне жеткен саясаткер. 

Сырттай жүргізілген, бас-аяғы бір айға созылған пікір таластырудан соң, Солтүстік Корея басшысына деген көзқарасын АҚШ президенті Дональд Трамп та өзгерткен. «The Wall street journal»-ға берген сұхбатында Ким Чен Ынмен жақсы қарым-қатынас қалыптастырғанын айтты. Ал осыдан бір ай бұрын Трамп Пхеньян Америкаға қандай да бір қауіп төндірсе, қырып-жоямын деп қаһар төндірген еді. АҚШ-тың Корей Демократиялық Республикасына қатысты пікірін күрт өзгертуіне Солтүстік және Оңтүстік Корея өкілдерінің жүргізіп жатқан келіссөздері септігін тигізіп отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ