Кешегі қарлы боран елордалықтарға айтарлықтай зардабын тигізді. Бірнеше ондаған адам жарақат алды, аурухана төсегіне таңылғандар да бар. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Шахар маңындағы көптеген елді мекендер жарықсыз қалған. Жолдардың жабылуынан діттеген жеріне жете алмаған жолаушылар жолда қалды. Жағдай өңірлерде де мәз емес. Табиғат тұрғындарға тағы қандай тосын сый дайындапты? Ол туралы тілшілеріміз айтуға әзір. Алдымен астаналық әріптесім Диана сапарқызы сөз алады.
Диана Сапарқызы, тілші:
Астанада бүгін төтенше жағдай тоқтатылды. Өткен тәулікте ақ түтек боранның салдарынан медициналық көмекке 39 адам жүгінген. Олардың ішінде 13 тұрғын жедел жәрдем қызметі арқылы медициналық көмек сұраған.
Травматологиялық пунктерге 26 адам түсті. Екеуі ауруханаға жатқызылды. 37 адам түрлі дене жарақатын алған. Сынықтар мен бас-сүйегіне зақым келгендердің жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланды. Жарақат алған азаматтардың барлығына уақытылы көмек көрсетілді. Көп қабатты үйлердің маңайында кетіп бара жатқан 52 жастағы азаматтың басына ғимараттың қасбеті құлап кеткен. Ауыр соққыдан бас-миының ауыр жарақатын алған науқас ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде жатыр.
Камалжан Надыров, Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Жабық бас ми жарақатымен ота жасалды. Жағдайы өте ауыр. Тағы бір науқастың басына үйдің шатыры құлаған, ол да ауруханада жатыр. Түрлі жарақаттармен келіп түскендерге дер кезінде жәрдем көрсетілді. Кейбіреулерін үйге жібердік. Жергілікті емханаларға барып ем-дом қабылдайтын болады.
Елордадағы 102 қызметіне 2 мыңнан аса тұрғыннан хабарлама келіп түскен. Жол ережесін бұзу бойынша 172 факті тіркелді. 175 жол-көлік оқиғасы орын алған. Тіпті әр бағыттағы тас жолдарда жүру мұң болғандықтан, көліктерін тастап кеткендер де бар болып шықты. Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, бүгін Астанадан түрлі бағытқа қатынайтын тас жолдардардың барлығы дерлік ашылған.
Арман Атыбеков, Астана қаласы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:
Қардың мөлшерден тыс жаууына байланысты 70-ке жуық адам көмек шақырған. 17 адам құтқарылды. Төтенше жағдайлар қызметімен бірге кеденнің 6 нүктесінде қала сыртынан шығатын жолдар жабылды. Ол жерлерге автопатрульдерді қойдық. Қоянды елді мекенінде тұратындар адамдардың үйіне жетуі үшін, сол бағыттағы жолды ашып бердік.
Республика бойынша 112 қызметіне 4 мыңдай қоңырау түсті. Сонымен бірге, Ақмола облысына қарасты бірнеше елді мекен қатты боранның кесірінен электр жарығынсыз қалған. Астана қаласы бойынша төтенше жағдай тіркелмеген.
Болатбек Әмрин, Астана қаласы төтенше жағдай департаменті басқармасының басшысы:
Астана қаласы бойынша құтқару мақсатында 43 техника, 221 қызметкер жұмылдырылды. Елорда бойынша 149 адам эвакуацияланды, оның ішінде 17 жасөспірім. Сонымен қатар, 66 техника зардап шекті. Көбіне Қоянды елді мекенінің тұрғындарына көмек қажет болды.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, білім беру мекемелері арасында 2 мектеп, 3 балабақшаға зиян келді. Ауа райының қолайсыздығынан 26 тұрғын үйдің шатырлары мен қабырғаларындағы құрылыс материалдары құлау дерегі тіркелген.
Диана Сапарқызы, тілші:
Сонымен бірге, 131 бағдаршам нысаны мен 16 аялдама павильондары зақымданған. Қазіргі кезде қалпына келтірілді. Табиғаттың бұл тосын сыйы Павлодар өңіріне қалай әсер етті екен? Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызына сөз кезегін беремін.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Иа, Диана, кешегі күн керекуліктер үшін де есте қаларлықтай болды. Ауа-райының қолайсыздығынан екі әуе бағыты уақытынан кешіктіріліп, екінші ауысымда оқитындар үшін сабағы тоқтатылды. Желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге жеткен. Түс ауа барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Қарлы бұрқасыннан 169 адам құтқарылды. Оның 9-ы бала. Қар құрсауынан 38 көлік шығарылды. Бір тәуліктің ішінде 112 қызметіне облыс халқынан 4 мыңға жуық қоңырау түскен.
Асқарбек Омаров, Павлодар облыстық ТЖД бірыңғай ақпараттық қызметінің басшысы:
13 ғимараттың шатыры жұлынған болатын. 75 елді мекендер жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Коммуналдық шаруашылық қызметінің жұмысы қыза түсті. Ақпарға сәйкес, қар тазалау науқанына кешелі-бері 306 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар Комитеті таратқан ақпарға сәйкес, өңірде 100-ден астам жылыту бекеті ұйымдастырылған. Түнгі 11-лер шамасында Екібастұз, Железинка және Лебяжі аудандары бағытында көліктер кептелісі байқалды. Ауа райына байланысты бүгін мектептерде бірінші ауысымда оқитындарға сабақ болған жоқ.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Қарлы боран бірқатар өңірді жарықсыз қалдырды. «Электр желісін үлестіру» кәсіпорны берген ақпарат бойынша, бүгін таңертең үзілген желінің басым бөлігі қалыпқа келтірілген. Аудандарда 47 жөндеу бригадасы мен 51 техника жұмыс істеуде. Қазір барлық бағыттар бойынша тас жол ашық. Тек Шідерті кенті мен Ақмола өңірі шекарасындағы аумақ қар тазалауға байланысты әзірге жабық. Төтенше жағдай қызметі күшейтілген кестеде жұмысын жалғастыруда.
Диана
САПАРҚЫЗЫ, Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ