Қарлы бораннан Қарағанды қаласының тұрғындары да айтарлықтай зардап шекті. Дүлей дауыл ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырын ұшырған. Сауда орындары мен кәсіпорындарға да едәуір шығын келтірді. Телефон желісі үзіліп, тұрғындар байланыссыз қалды. Табиғи апат қаладағы 12-ші шағын ауданда орналасқан бес қабатты үйге қатты залал келтірді. Қарқынды жел баспананың жуырда ғана ауыстырылған жаңа шатырын жұлып әкеткен. Тұрғындар желмен ұшқан жабындыны енді кім жөндеп береді деп алаңдап отыр.
Серік Мұратов:
Шатырды әкімдік жөндеген еді. Қалай істегенін көріп тұрсыздар ғой. Қатты желге төтеп бере алмады. Жалғыз шеге қаққан секілді. Ұшты да кетті. Енді, көктем келісімен, бұл үй су астында қалады.
Қаланың
барлық аудандарында арнайы жұмыс топтары құрылып, табиғи апаттың шығынын
анықтауға кірісті. Мамандар тез арада телефон байланысын қалыпқа келтіреміз деп
отыр. Дүлей дауыл коммуналдық мекемелерге залал келтірген жоқ, - дейді төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері.
Шаһарда жылу мен жарық бар.
Тәулік бойы
құтқарушыларға мыңдаған адам қоңырау шалған. Олардың көбісі - жолда қалып
қойған жолаушылар мен жүргізушілер. Екі жүз адам құтқарылып, қауіпсіз жерге
жеткізілген. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері аймақ тұрғындарына алыс жолға шықпауды ескертеді. Ал
синоптиктер алдағы күндері Орталық Қазақстанда минус отыз градусқа дейін
қатты суық болатынын болжап отыр.
Заңғар
САНАЙ