Русский Сайттың толық нұсқасы

Сот-медициналық сараптама жасайтын 56 дәрігер туберкулез, 26 қызметкер вирусты гепатит жұқтырған

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2018
  • 4436

Сот-медициналық сараптама жасайтын 56 дәрігер туберкулез, 26 қызметкер вирусты гепатит жұқтырған. Бұл туралы Мәжілісте сот-сараптамалық қызмет мәселелері қаралған үкімет сағатында айтылды. Сот-сараптамасымен айналысуға асық маман тапшы. 13 облыстағы 175 ауданның 92 ауданында сот-медициналық сарапшылары жоқ. Басты себептің бірі - төмен жалақы. Депутаттар бүгінде жоғары білікті, 20 жылдық тәжірибесі бар маманның айлығы 120-150 мың теңге шамасында екенін айтты.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Соңғы 5 жылда жұмыс орнында 56 дәрігер мен медбике туберкулез жұқтырды. 26 қызметкер вирусты гепатиттің бірнеше түріне шалдыққан. Тек Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында мұндай жұқтырулар тіркелмеген. Ал сот сараптамасы мен сот медицинасы орталықтарын біріктірген кезде, сот дәрігерлерінен мәйітпен және ЖИТС жұқтырғандармен жұмыс істегендері үшін төленетін қосымшалар алынып тасталды. Ол қосымша төлемдерді қайтару мәселесін Үкімет әлі шешкен жоқ. 

Сондықтан көптеген сот сарапшылары аудандық ауруханаларға кетіп жатқан көрінеді. Мәселені шешу үшін Әділет министрлігі аталған сала қызметкерлерінің жалақы жүйесін өзгертіп, келісімді еңбекақы енгізбек. Министр сонда ғана білікті кадрлар жұмысқа келетініне сенімді. Ал сот-медициналық сараптамасының бюджеттік шығындарын азайту үшін министрлік жаңа механизм енгізбек. Бұдан былай, соттар мен тергеушілер жасататын сараптамасының құнын ескеретін болады, деді Марат Бекетаев.