Оралдық Наталья Черченко баласының су қараңғы соқыр болып қалғанына қалалық емхана дәрігерлерін кінәлап отыр. Ал ақ халаттылар оларға барлық көмек көрсетілгенін, бірақ науқастың кезінде күтінбегенін айтады. Ашынған ана оларды сот арқылы мойындатқысы келгенімен, бұл әрекетінен де түк шықпады. Енді сотқа қайта шағымданбақ.
11 жылдан бері қант диабетімен ауыратын Натальяның ұлы жергілікті емханада емделіп келген. Бірақ Наталья Черченко дәрігерлердің қажетті инсулин дозасын дұрыс бермегені сот-медициналық сараптама көрсетті дейді. Соның кесірінен 18-дегі ұлының көзі күрт нашарлап, қазір мүлдем көрмей қалды деп отыр.
Наталья Черченко, үй тұрғыны:
Емхана дәрігерлерінің ісі қате болса да, маған айтпаған сөзі қалмады. Тіпті қылмыстық іс ашылса да, прокуратура екі жылдан бері үнсіз отыр, сараптама жүргізбеді. Кейін қосымша тексеру жүргізген офтальмолог ұлыңыздың көзі жақсы көреді деп жазып берді. Ал балам ештеңе көрмей қалдым деп шағымданатын.
Дәрігерлерді сотқа сүйреген Наталья Черченко ұлын мүгедек қылды деп, емханадан 2 млн теңге және Орынборда жасатқан екі отаның ақысына тағы 400 мың теңге сұрады. Бірақ сот оның талабын қанағаттандырмады.
Павел Кочетков, заңгер:
Заң аяқасты болған бұл істе әділдік түгілі, объективтілік жоқ. Өйткені №3 емхана уақытты өткізіп алған. Мұны аурудың құжаттарынан-ақ анық білуге болады. Олар науқастың ауруын нақты анықтамаған, ал кейін тексерген мамандар емдеуден нәтиже жоқтығын айтқан.
Еркін Карин, тілші:
Қант
диабетіне шалдыққан адамның ең алдымен көру жүйесі нашарлайды. Егер ауруы
асқынып, жағдайы ушығып кетсе, адамның соқыр болып қалуы да мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруға шалдыққан адам дер кезінде шара қолданбаса онсыз
да нәзік көз тамырлары қан толып, жарыла береді. Тіпті жаңа тамыр пайда болады.
Ал қан қысымы өскенде әлде ағзаға күш түскенде, бұл тамырлар қайта жарылып,
қарашықтың түбіне қан толады да, көз бұршағы солып қалады, - дейді ақ халаттылар. Дәрігерлер
анасы осыны білсе де, көмектен бас тартқанын айтады.
Тілеген Ищанов, БҚО штаттан тыс бас көз дәрігері:
Уақытын өткізіп алған, көп отырып қалып тұр ғой. Сәуірдің аяғында 3-емхананың дәрігері шақырады, бірақ келмей қалған. Сіз неге келмедіңіз десе, себебін айтпайды. Жаңағыдай жағдай болғасын, Алматы мен Астанаға жіберейік десе, бармаймыз, тек қана Орынборға барамыз деп бас тартқан.
Наталья Черченконың ендігі мақсаты - баласының көзін емдету. Бірақ дәрігерлер бір жақ көзді 50 пайыз қалпына келтіруге болатынын, екінші көзін емдету нәтижесіз екенін жеткізіпті. Ашынған әйел бүкіл дүние-мүлкімді сатсам да, ұлымды емдетем деп отыр.
Еркін
КАРИН