Русский Сайттың толық нұсқасы

Қажетті құрал-жабдықтар уақытында жеткізілмесе, Павлодардағы онкодиспансер құрылысы тұралап қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2018
  • 3843

Павлодардағы жаңадан салынып жатқан онкодиспансер құрылысы уақытында аяқталмай қалуы мүмкін. Өйткені қымбат медициналық қондырғы дер кезінде жеткізілмей отырған көрінеді. Ол құрылысы кезінде орнатылуы тиіс. Науқастар емі үшін қажетті заманауи аппарат 3 млрд 800 млн теңге тұрады. Оған бөлінген қаржы бюджетті оңтайландыру кезінде қысқартылған. Мәселе қалай шешіледі? Тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы анықтады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жаңа онкодиспансердің құрылысы қарқын алған. Бүгінде құрылыс алаңында 130-ға жуық адам еңбектенеді. Жалпы жобаның құны 7 млрд теңгеден асып жығылады. Құрылысшылардың айтуынша, қымбат құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізілмесе, бұл нысанды пайдалануға беру мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Ал жоспар бойынша онкодиспансер келер жылдың қарашасында қолданысқа берілуі тиіс. Құрылыс жұмыстары былтыр мамырда басталған. Жобаға сәйкес мұнда 11 ғимарат салынады. Емхана, стационар, радиология бөлімшесі, мәйітхана мен дербес қазандық. Бір сөзбен айтқанда, қатерлі ісікке шалдыққан науқас бар емді бір жерден алатын болады.

Николай Калпаков - құрылыс алаңының прорабы:

Қазір радиологиялық корпустың құрылысы аяқталуға жақын. №1 және №2 бункерлер. Ақпанда ғимараттың қасбетін бітіруіміз керек. Бірақ, тиісті медициналық жабдықтар келмесе, бұл шаруа кешеуілдейді. Сәйкесінше, нысанды тапсыру мерзімі де созылып кетуі мүмкін.

Жетіспей тұрған қондырғы - желілік жылдамдатқыш. Сәулелік терапияға арналған жабдықты қабырғаға арнайы жасалған ойыққа орнатып, сыртынан қорғасынмен қаптау керек. Бірақ, оңтайландыру кезінде жобаға бөлінген қаржы қысқарды. Сөйтіп, тізімде болған бұл құрылғының ақшасы алынып тасталған.

Онкологиялық аурулар бойынша Павлодар өңірі елде көш бастап тұр. 2016 жылы 100 мың адамға шаққанда 311 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Былтырғы көрсеткіш 316 науқасты құрады. Сәйкесінше өлім деңгейі де жоғары. Алайда, емдеу шараларын тиімді жүргізудің арқасында оның көрсеткіші 9 пайызға азайды,-дейді мамандар. Обыр анықталғандардың 40 пайызы 65-70 жас аралығындағы тұрғындар. Сүт безінің ісігі, өкпе, тері, асқазан мен ішек рагы алдыңғы қатарда.

Телман Әлғожин, Павлодар облыстық онкодиспансер директорының орынбасары:

Пациенттердің 70 пайызы сәулелік терапияны қажет етеді. Әрине, қолданыстағы құрал-жабдықтар бар. Бірақ, олардың жаңа желілік жылдамдатқышқа қарағанда мүмкіндігі шектеулі. Техника моральдік тұрғыдан да тозығы жеткен. Сондықтан, бұл қондырғының облысымыз үшін маңызы зор.

Жағдайдан жергілікті билік хабардар. Облыстық құрылыс басқармасы бюджетте мұндай қомақты соманың жоқтығын айтты. Сондықтан мәселе Үкіметтік деңгейінде қарастырылмақ.

Асқар Әжмұрат, Павлодар облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл 3 млрд 800 млн теңге көлемінде. Сол мәселе қазір облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау  министрлігімен сол мәселе шешілуде. Бүкіл жұмыстар, құрылыс жұмыстар өз уақытында істелінеді.

Облыстық онкодиспансер бұрынғы жатақхананың ғимаратында орналасқан. Қатерлі ісіктің өсуіне орай, жұмыс та көбейген. Дәрігерлер мен медициналық құрал-жабдықтың жүктемесі екі есеге артты,- дейді мұндағылар. Жылына кем дегенде 1 жарым мың ота жасалады. 

Әсемгүл Мұхитқызы