Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендік трамвай паркін электр қуатынан ажырату 16 ақпанға шегерілді

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2018
  • 2676

Өскемендегі трамвай паркін электр қуатынан ажырату 16 ақпанға шегерілді. Бұған дейін «ШыгысЭнергоТрейд» мекемесі "трамвай паркін" ертең токтан ажырататынын мәлімдеген еді. Бүгінде олардың компанияға қарызы 71 миллион теңгеге жеткен. Өзара келіссөз жүргізген тараптар электр қуатынан ажырату мерзімін кейінге қалдыруға уағдаласты. Әрі қала билігі трамвай қозғалысы тоқтатылған жағдайда, қосымша автобус шығару туралы шешім қабылдады.

Әсет Сұлтанов, ШҚО жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасы бастығының орынбасары:

Қазір трамвай паркі активтерін мемлекет меншігіне кезең-кезеңімен сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл процесс кері әсерін тигізбеу үшін барынша мұқият жүргізіледі.

«ШыгысЭнергоТрейд» кәсіпорнына 71 млн теңге берешек трамвай паркінің "Центр кредит банкіне" 406 млн теңге, салық қызметіне 102 млн теңгеге жуық қарызы бар екен. Бұл аздай, «Өскемен жылу жүйесі» АҚ-на шамамен 2,3 млн теңге, ал «Өскемен Су арнасы» компаниясына 300 000 теңге берешек. Бірақ парк басшылығы қордаланған қарызына қарамастан, Белоруссиядан 10 жаңа вагон сатып алмақ. Бұл үшін жеке қорлардың көмегімен инвесторларды да тапқан. Бірақ олардың кімдер екендігін ашып айтпады.

Анатолий Успенский, "Өскемен қалалық трамвай паркі" ЖШС директоры:

Келіссөздер жүргізіп, ақпан айының ортасына дейін трамвайды тоқтатпауға уағдаластық. Осы кезге дейін инвестиция аудару жүйесін қайта пысықтаймыз. Алдымен 10 вагон сатып аламыз. Бірақ бұл инвестициялық жоспарымыз іске асу үшін, салық органдары, трамвай қозғалысына кедергі жасамай, бізге түсіністікпен қарауы керек.