Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалғызбасты ана екі мүгедек баласын арбаға салып, көшеде қайыр сұрамақ

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2018
  • 3822

Қызылордалық Эльмира Ақмырзаева екі мүгедек баласын арбаға салып, көшеде қайыр сұрамақшы. 32 жасар ананы мәжбүрлетіп отырған - балалардың денсаулығы. Отандық профессорлар оларға шетелде дереу ота жасатпаса болмайды деп шешкен. Тығырықтан шығар жол таппаған ана шырылдап біздің редакцияға хабарласты. Шарипа Сақтапова әңгімелейді.

Даладағы ойын, сырғанақ, би, спорт, мектептегі оқу. Қарапайым оқушының кестесі - тоғыз жасар Айымжан мен жеті жасар Арсланға арман. Науқас балалардың күн тәртібі мүлдем басқа. Массаж, жаттығулар мен үйден оқыту.

Айымжан Құбаш:

Далаға шығып, ойнағым келеді. Мен далаға шығып, ойнай да алмаймын. Өмір сүргім келеді. Мен ешкімнен кем емеспін ғой. Денсаулығымның түзелуіне көмектесіңіздерші.

Балалар аман туылған. Бірақ бес жыл бұрын дамуларында бір түсініксіз өзгерістер пайда болып, аяқтарын сүйрете бастаған. Анасы елдегі барлық медициналық орталықты аралап шыққан. 2013 жылы қос бүлдіршінге «мүгедек бала» статусы тағайындалған. Қойылған диагноз: Штрюмпель ауруы, лейкодистрофия. Ал Эльмираның айтуынша, отағасы балалардың науқас екеніне қарамастан, ажырасып, үйден шығарып жіберген. 

Эльмира Ақмырзаева, науқас балалардың анасы:

Пересадка костного мозга Германияда жасалады екен. Бір балаға 200 мың евродай кетеді дейді. Менің үйім жоқ, жайым жоқ. Мәселе үйде де емес, ең бірінші- денсаулық. Бармаған жерім жоқ, областной акиматқа да бардым көмек сұрап. Август айында тіркеліп кеткеннен, осы кезге дейін қабылдауға әлі шақырған жоқ.

Пәтер кезегіне 4 жыл бұрын тұрған. Заң бойынша оны кезегі келгенде ғана алады. "Далада қаңғып қалған ештеңе емес, тек балалардың денсаулығы түзелсе", - дейді жүрегі қайғыға толған ана. Бірақ аймақта дәл осындай шетелдік емханалардың көмегіне зәру 67 бала бар екен. 

Бибізада Дүйсенбаева, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Науқас балалардың сүйек жілік майын ауыстыру қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес Астанадағы және Алматыдағы «Ана мен бала орталығы» және Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталықтары арқылы жүгінеді. Жалпы облыстағы 67 қан аурулары мен және ісік ауруларына шалдыққан балалар осы екі орталық арқылы шетелге жіберуге қамтамасыз етіліп отыр.

Балаларға ота дереу жасалуы керек. Мамандар кеңесі осындай. Эльмира басына түскен қайғымен жалғыз өзі күресуге әлсіз. Мейірімді жандардан көмек сұрайды.

Қайда барамын, не істеймін? Екі баламды арбаға салып алып, далаға шығып, қайыр сұраудан басқа ешқандай амалым қалмай отыр.

Шарипа САҚТАПОВА