Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 40 отандық телесериал түсірілген

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2018
  • 2882

Өткен жылы Қазақстанда 40 отандық телесериал түсірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 еседей көп. Сондай-ақ 130-дан астам әлеуметтік роликтер жарыққа шықты. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі айтты. Аталған туындылардың барлығы да осы министрліктің тапсырысымен жүзеге асқан.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

Біз алдымызға ауқымды стратегиялық мақсат қойдық, ол - сапалы отандық телефильмдер санын арттыру, көрермен талғамына сай жақсы сериалдарды түсіру. Сондықтан да бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз.

Дәурен Абаев мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың қаншалықты тиімді екенін түсіндірді. "Сынаушылар бұл тәжірибеден бас тарту керек дейді. Бірақ, олай етсек, медиа кеңістіктің дамуын тежейміз", - деді. "Мемлекет қолдауы" арқылы шетелдік контентті азайтуға мүмкіндік бар, деген Абаев отандық сериалдардың бірнешеуіне тоқталды. Журналистерге бұл дүниелерден үзінділер ұсынылды.

Туындылар қатарында «Астана» арнасы түсірген 60 сериядан тұратын «Асыл Арман» телехикаясы да бар. Тастанды сәбилер мен бауыр еті баласынан бас тартатын көкек аналардың көбеюі секілді әлеуметтік проблемаға негізделген сериалда оқиғалар желісі нақты өмірден алынған. Яғни бірер жыл бұрын Жамбыл облысында сәбиін дәретханаға тастаған әйелдің әрекеті телехикаяға арқау болған. Бұдан бөлек, махаббат пен адалдық, сенім, жігерлілік секілді ізгі қасиеттер насихатталады.

"Астана" арнасының басшысы Ләззат Танысбай: "Егер осы телесериалдардан қазіргі жастар сабақ алса, олардың адамгершілікке жат әрекетке бармауына ықпал ете алсақ, мақсаттың орындалғаны", - дейді. Ал министрліктің жекеменшік арналарды қаржылай қолдап отырғаны өте құптарлық қадам екенін айтты.

Ләззат Танысбай, «Астана» телеарнасының бас директоры:

"Асыл арман" сериалы өткен жылы эфирден көрсетілді және рейтингі өте жоғары болды. Қазір қайталап көрсетіліп жатыр. Өндіруші ретінде біз 1 жыл көрерменге ұсына аламыз, ары қарай эфирден көрсету құқығын басқа арналарға береміз. Мәселен, «Астана» телеарнасы 2015 жылы министрліктің тапсырысымен «Жібек» деген сериал түсірді. Және осы туынды теленарықта 19 рет көрсетілді. Бұл - өте жоғарғы көрсеткіш.