Русский Сайттың толық нұсқасы

Дін істері министрі қандай сақал қойғандар жауапқа тартылатынын айтты

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2018
  • 3385

Қандай сақал қойғандар жауапқа тартылады? Мәжіліс депутаттарына жаңа заң жобасын таныстырған Дін істері министрі осы сұраққа жауап беруге тырысты. Ол үшін эскиз әзірленетінін айтты. Егер заңға өзгерістер енгізілсе, сақалдылар ғана емес, қысқа балақтылар мен бет-әлпетін тұмшалағандар да жауапқа тартылмақ. Министр "оларға алдымен ескерту жасалады" дейді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

Мәселе кез-келген сақалды азаматта немесе дін қызметкерінде емес. Мәселе ол адамдардың деструктивті ағым өкілі ретінде танылуында. Оның сыртқы белгілерінен бөлек, наным-сенімі,  қандай бағытты насихаттап жүргені маңызды роль атқарады. Яғни кешенді тексеріледі. Барлығы бірдей шетінен жауапқа тартылмайды.

Өзгеріс енгізілген құжат мақұлданатын болса, жоғары діни білімі жоқ қазақстандықтардың шетелде оқуына шектеу қойылады. Мемлекеттік қызметкерлерге де бірқатар талаптар бар. Олар қызметін діни бірлестік мүддесі үшін пайдаланбауы тиіс. Тұрғындарды діни ұйымның қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуі керек. Және қандай да бір бірлестіктің мүшесі болмауы тиіс. Ал оқушылардың мектепте орамал тағуына заңмен тыйым салынбаған, деді министр. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

Қазіргі заң жобасында ондай норма жоқ. Бірақ егер Білім және ғылым министрлігі норманы енгізуге бастамашылық етсе, біз қарсы болмаймыз.