Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жылусыз қалған 130 нысанның жартысына жуығына қайта жылу берілді

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2018
  • 2957

Алматыда жылусыз қалған 130 нысанның жартысына жуығына қайта жылу берілді. Өзге ғимараттарды бүгін түнге дейін қосу көзделіп отыр. Бұл туралы Алматы энергокешені кәсіпорындарының ресми өкілі мәлімдеді.

Ян Гириннің сөзіне сүйенсек, апат таңғы сағат 6 мен 7-нің арасында тіркелген. Әуезов ауданы аумағында ескірген жылу магистралі қатты аязға шыдамай жарылады. Бүтін бір шағын аудан жылусыз қалып, бір балабақша жұмысын тоқтатқан. Мектеп оқушылары үйлеріне қайтарылған. Апат орнын анықтаудың өзіне бірталай уақыт кеткен. Тек түс ауған соң ғана құбырдың қай тұсы жарылғаны белгілі болды. Бірнеше жерді қазған жұмысшылар жылуды біртіндеп қосуға көшкен.

Ян Гирин, Алматы энергокешені кәсіпорындарының ресми өкілі:

Қазір 60-қа жуық нысанға жылу мен ыстық су берілді. Қалған нысандарды өзге жүйеге ауыстыру үшін, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түнге дейін апаттың салдарын жойып, толықтай жылумен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар. Құбырлар өткен ғасырдың 80-ші жылдары жүргізілген. Ескі. Сол себепті қатты аязда сыр беріп отыр.

Ян Гириннің айтуынша, Алматыда жылыту маусымы басталғалы мұндай жағдай екінші рет орын алды. Оның басты себебі жылу магистральдарының әбден тозуына байланысты.  Мегаполистегі құбырлардың 62 пайызы 25 жылдан бері жөндеу көрмепті.