Русский Сайттың толық нұсқасы

Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесінде шет елдердің тәжірибесіне жүгіну қажет

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2018
  • 9986

Алматыда биыл қоқыс өңдеу кешенін іске қосу жоспарланған. Бұл туралы "Астана" арнасына нысанның құрылысын салып жатқан компания өкілдері айтты. Жоба тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің жаңа стратегиясы аясында жүзеге аспақ. Алдын ала жоспарға сай қағаз, пластик пен шыны пресстеліп, шикізатқа айналады, ал тамақ қалдықтары жойылады. Президенттің халыққа арнаған биылғы Жолдауында қоқыс өңдеу ісін шағын орта бизнеске айналдыру жайы айтылған. Осы орайда бірнеше аймақта қолға алынды. Экологиялық жоба туралы тілшілеріміз айтып беруге әзір. Алдымен алматылық әріптесім сөз алады. Ришат, шахарда салынып жатқан жаңа кәсіпорын туралы ақпаратпен бөліссеңіз.

Кеш жарық, Оксана, Алматыда араға он жыл салып қоқыс өңдейтін зауыт қайта бой көтеруі мүмкін.  Кешеннің жобасын мамандар 2016 жылы қала әкімінің алдында қорғап шыққан. Жеке инвестор құрылысты былтыр жазда бастау керек болатын. Оған қажетті  5 млрд теңге қаржы да бар, дейді. Бірақ жер мәселесіне қатысты шикіліктер кедергі болып тұр. Алатау ауданындағы 2 ЖЭО кешені маңынан бөлінген 7 гектар аумақтың құжаттарын рәсімдеуге біраз уақыт кеткен. 

Дмитрий Данильченко, «GREEN RECYCLE» ЖШС директоры:

Жер қатынастары басқармасымен ұзақ уақыт келіссөздер жүргіздік. Жер телімінің мақсатты пайдалануын ауыстыру үшін, кадастрлық бағамен қосымша қаржы шығындадық. Ол жобаның тағы қымбаттауына соқтырды. Енді құрылыс бастауға кедергі көріп тұрған жоқпын. Уақыт та қысып барады, осы жазда зауытты іске қосуымыз керек.

Қазір мұнда қазба жұмыстары басталған. Кәсіпорынның іргетасын құю үшін, қалыптар дайындалып, ақпанның 5-інен бастап бетон әкелінеді. Бұл жерде ұзындығы 250, ал ені 50 метрлік ғимарат бой көтермек.

Васип Тигаев, учаске басшысы:

Біз котлован қазып, ол жерге бетон құюға дайындап береміз. Келесі мердігер  іргетасын құяды, сосын темір-бетонды қондырғылар жеткізілмек, ғимарат мықты болу үшін жарты метрге арнайы тас қиыршықтары төселеді. Аязға қарамастан, алдағы бір аптада жұмысты аяқтауға тырысамыз. 

Жобалаушылар тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдемес бұрын, оларды пластик, қағаз, метал, ағаш және әйнек сияқты 14 түрге сұрыптап, шикізат ретінде жинамақ. Қайта өңдеуге арналған италиялық қондырғылар орнату жоспарда бар. Инвесторлар жақын күндері еуропалық технологиямен жұмыс істейтін бұйымдарды жеткізбекші.

Алматыдан күніне 550 мың тоннадай қалдық шығарылады. Қала тұрғындары қоқыс үшін адам басына 370 теңге төлеп отыр. «Тәртіп» кәсіпорнының мәліметінше, егер қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылса, тариф шамамен 40 пайызға қымбаттауы мүмкін. Яғни 150 теңгедей қосылады. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

2007 жылы қалада қоқыстың тең жартысын өңдеуге қауқарлы испандық технологиямен кәсіпорын салынған. Ашылуынан жабылуы тез болған зауыттың құны 28 млн еуроға бағаланған еді. Кешен құрылысын қаржыландырған банк былтыр мүліктерді сатылымға шығарды. Қала әкімдігі зауыттың шығындарын субсидиялаудан бас тартқандықтан, кәсіпорын тұралап қалған. Ал бұл мәселе Павлодарда қалай шешіліп жатыр? Оны әріптесім айтып беруге дайын, Әсемгүл сөз өзіңізде.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Кеш жарық, Ришат, Павлодарда қалдықтарды іріктеу ісін мектептер қолға алды. Бірнеше білім ордасында арнайы жәшіктер орнатылған. Оған балалар сабақ барысында қолданылған қағаз-макулатураны тастайды. Бұл өте ыңғайлы. Әрі жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Қоршаған ортаға зиянды заттардың таралуының алдын алады. «Жасыл мектеп» акциясы биылғы оқу жылынан басталған.

Ислам Сүлеймен, 10 сынып оқушысы:

Меніңше, бұл өте жақсы жоба. Бұл қазіргі жасөспірімдерге зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Ұқыптылық, өз қажетімен қолдану дегендей құндылықтарды баланың бойына дарытады деп ойлаймын.

Павлодар - өндірісті өлке. Сәйкесінше, экологиялық ахуалы да күрделі. Тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет жиналуы жағдайды ушықтырып тұрғаны рас. Табиғат жанашырлары бұған жүйелі түрде ден қою қажет дейді. Дамыған елдердің тәжірибесін енгізіп қана қоймай, оның экономикалық тиімділігін де ескерген жөн.

Светлана Могилюк, «ЭКОМ» ҚБ төрағасы:

Қоқыс алаңынан жиналған қағаз немесе пластиктер тегін қабылданады. Ал, егер ұйымдардан, адамдардың өзінен қалдықтарды қабылдайтын болса, экономикалық жағынан да тиімді. Қоқыстың кейбір түрлерінің  келісі 60 теңгеден қабылданады.

Аймақта қалдықтарды тастайтын 345 нысан бар. Сарапшылардың айтуынша, Павлодар, Екібастұз және Ақсу шаһарларынан басқасы, санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Осыған орай, құны 1,9 млрд теңге тұратын 6 жоба әзірленген. Полигонның қымбатқа түсуіне байланысты, бұл мәселе әлі шешімін таппай тұр. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының ақпарынша, жыл сайын 650 мың тоннадай қоқыс тасталады. Шенеуніктер көрсеткіштің күн санап артып келе жатқанын айтады. Қазір қордаланған тұрмыстық қалдықтың мөлшері 5,2 млн тоннаға жеткен. Жағдай Қызылорда өңірінде қалай реттеліп жатқанын әріптесімнен білейік, Шарипа, оңтүстіктегі азаматтар, қоқыс өңдеу ісінде озық тәжірибелерге сүйеніп, әрекет етіп жатқан көрінеді. Осы туралы әңгімелеп берсеңіз.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Кеш жарық, Әсемгүл. Иа, қалдықтарды қайта өңдеуде озық тәжірибе иелеріне жүгінгеннен ұтарымыз мол. Дамыған мемлекеттерде тұрмыстық қалдықтың 2-3 пайызы ғана полигондарға жіберіледі. Негізгі бөлігі қайта өңделіп, пайдаға асады.

Қызылордада қоқыс өңдеумен 15 жылдан бері айналысып келе жатқан көп салалы мекеме бар. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен қатар, полимер, қағаз-картон өңдейді. Одан үй жабындылары мен жаяу жүргінші жолына арналған төсеніштер шығады.

Ибрайхан Мұсабаев, көп салалы мекеме басшысы:

Қалдық деп есептелмеу керек, ол екінші материалдық ресурс деп есептелуі керек, сондай түсінік болуы керек. Сол кезде ғана ол жұмыс істей бастайды. Соңы қайда жіберу керек? Мемлекеттің жұмысы сол рынокты создавать ету.  Мысалы, кәсіпкер бәрін жинағаннан кейінн оны қайда жіберу керек ол, одан шағырған затын қайда жіберу керек, осыны шешу керек.

Қалдықтарды өндеуде 14 елдің тәжірибесін зерттеген Ибрайхан Мұсабаев, Қазақстанда бұл істі мықтап қолға алу керек, деген пікірде. Мәселені мемлекеттік деңгейде шешіп, қажет болса, тиісті заңдар  қабылдануы керек, - дейді кәсіпкер.

Шарипа Сақтапова, тілші:

«Ибрайхан и К» секілді компаниялар полимер қалдықтарды көрші Ресейге сатуға мәжбүр. Қайталама шикізат ол жақта үлкен сұранысқа ие дейді. Маманның айтуынша, Қазақстан әзірге қалдықтарды қайта өндеуде алыс мемлекеттерді былай қойғанда, көршілес Ресейдің немесе Қытайдың компаниялармен де бәсекелесе алмайды. Біздегі бар ақпар осы. Оксана.