Русский Сайттың толық нұсқасы

Қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің беті бері қарады

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2018
  • 3770

Павлодарда қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің беті бері қарады. Дәрігерлер баланың өміріне еш қауіп жоғын айтады. Бүгінде шақалақ облыстық перинаталдық орталығы мамандарының жіті бақылауында. Түскен кезде сәбидің дене температурасы 35,4 градусты құраған. Дереу жансақтау шараларын жүргізген ақ халаттылар нәресте жарты сағаттай далада жатып қалған деп болжады. Ұл бала, салмағы үш жарым келі. Дәрігерлер бала осыдан 10-12 күн бұрын айы-күні жетіп туған деп отыр.

Шолпан Құрманова, Павлодар облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

Ауруханаға түскен кезде баланың хәлі ауыр болды. Суықтан қатты тоңып қалған. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақталған. Өте белсенді. Зерттеудің барлық параметрлері мен талдаулары жақсы. Қалыпты деуге болады. 

Оқиға қаладағы Гагарин көшесі бойындағы мына көп қабатты үйдің ауласында болған. Жол-жөнекей өтіп бара жатқан келіншек темір контейнердің бірінен сәбидің жылаған дауысын естиді. Ашып қараған ол көрпешеге оралған нәрестені көрген. Шұғыл полиция шақыртып, бала ауруханаға жеткізілді. Бұл жайтқа қатысты өңірдің ішкі істер департаменті камераға қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Анықталғаны оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 119 бабы бойынша іс қозғалған. Сәбидің анасы іздестіріліп жатыр.