Русский Сайттың толық нұсқасы

Көмір тапшылығы Алматы мен Алматы облысында да сезілді

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2018
  • 3211

Алматыда көмір тапшы. Қыстың күні қырауда қараша жылуға жарымай отыр. Жергілікті жұрт өңірдегі әр базаны жағалап жүр. Кімнен, қалай көмір сұрарын білмей дал. Ал, мегополистегі 9 тұйықтың бірінде көмір таусылса, енді басқасы қақпасын тарс жапқан. Олжас Нұржақыптың бейнематериалы.

Зейнет жасына келген Аманжол ақсақалдың күнделікті қаладағы тұйықтардың есігін қағуы әдетке айналған. Көмір іздегеніне біраз күн болғанымен, әлі нәтиже жоқ.  «Қаражыра» базасында бар дегенді естіп келгенімен есігі тарс жабық. Кіргізбейді. Амалы құрығанымен, «әйтеуір үйге жылу тауып қайтуым керек қой» деп қынжылады.

Аманжол Жылқышбай, Алматы облысының тұрғыны:

Бір тонна-екі тонна келіп алайық десек, кіргізбейді. Жағдай осы халықтың. Жолдың бойында мүшекпен сатып тұрғандар 2000, 3000, 800 теңге дейді. Ала-ала халықтың жағдайы көтермеді. Біздің жағдайымыз келмей қалды. Есік терезе деген бірақ қатып қалды мұз болып. Бүгін ғана суықтың градусы қайтты енді.

Аманжол ақсақал секілді үйін жылыта алмай, көмір іздеп жүрген жұрттың қарасы қалың.

Азамат Құдайбергенұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

Міне, мынау уже төртінші база шығар. Үшінші база ма екен. Ешқайсысында көмір жоқ. Тонна деген еш жерде жоқ.  - Қанша күн болды көмір іздеп жүргеніңізге? Үш күн болды. Мегополистегі 9 көмір базасының да жағдайы мәз емес. Біріне барған ек, қақпасына «көмір жоқ» деп қағаз іліп, келген қарашаны қуып әлек болды.

Ал, енді басқасында көмір осы аптада таусылыпты. Оның өзі 27-ші қаңтарда жеткізілген. Бірақ, көзді ашып-жұмғанша, 690 тонна қара отынды алып кетті, дейді тұйық қызметіне жауапты маман.

Владимир Қаражанов, көмір базасына жауапты қызметкер:

Осы жұма, сенбі күндері тағы 600 тоннаға жуық көмір келу керек. Бірақ суыққа байланысты вагондар кешігіп жатыр дейді. Қатты аяздан ба, қара отын іздегендер көп. Бірақ биыл өте аз мөлшерде жеткізілуде.

Ал жергілікті билік өкілдері болса, қалада көмір тапшылығы жоқ, дер кезінде барлығына қара отынды жеткізіп отырмыз деді.

Қанат Сағындықов, Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Халықтың адамдары келсе, угольный базалардың басшыларына айттық, бірінші соларға беріңіздер деп. Өйткені ол оптовик емес, өзінің пайдасына алатын нәрсе. Анаған бер, мынаған берме деген заң жоқ қой. Олар бәрін кім сұрайды, соған беру керек. Міндетті. Қазіргі таңда 95 пайыз халықтың көмірі бар.

Мегополистегі көмір мәселесі Алматы облысында да мәз емес. Тіпті, Ұзынағаш пен Талғар, Есік қалаларындағы көмірге таласқан халықтың әрекеті әлеуметтік желілерге тарап кеткен.  Үкіметке жеткен мәселені Энергетика министрі шешеміз деп отыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Қазір 46 мың тонна Алматы облысына және Алматыға жөнелтілді. Бүгін-ертең тупиктерге келіп, сатылатын болады. Жергілікті органдар тиісті контрольда ұстау керек бұл мәселені, қатаң бақылауда ұстау керек.

Олжас Нұржақып, тілші:

Министрдің сөзіне сенсек, көмір өндірісінде шектеу не болмаса вагон тапшылығы жоқ. Ал шетелге сатылып жатыр деген ақпаратты жалған деді. Бір ғана Алматыда қыс кезінде 16 мыңнан аса газдалмаған үйге 70 мың тоннаға жуық көмір кетеді деген әкімдік өкілдері "бізде жетіспеушілік мүлде жоқ" дейді. Ал апта сайын тонналап көмір жеткізілсе, халық қара суықта 9 тұйықтың алдын неге кезіп жүр екен?  

Олжас НҰРЖАҚЫП